КЖБИ ауданындағы көпір ертең ашылады

КЖБИ ауданындағы көпір ертең ашылады

КЖБИ ауданындағы көпір көлік қозғалысы үшін 12 сәуір, сағат 8:00-ден бастап ашылады. Бірақ тек жеңіл көліктер ғана жүре алады, ал жүк көліктеріне дүйсенбіден бастап қана рұқсат етіледі. Сол уақытқа дейін жол төсемі кеуіп, ауыр техниканы көтере алатындай болуы керек

Көпір аумағында тасқын судан кейінгі жолдың жағдайын зерттеумен шұғылданатын арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр.

“Тасқын судың салдарын анықтап, көпірдің жол төсеміне тексеру жүргіздік. Қазіргі уақытта 10 жарық бағанының түбін су шайған және жоғары вольтты бағандардан ақау табылды. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер жолының астыңғы жағы да бүлінген, кей тұстары жарамсыз болып қалған. Адам жүргенде опырылып кетпеуі үшін олардың астын бекіттік. Қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілді. Жеңіл көліктердің қоғалысына кедергі жоқ”, – деді “Жол активтері сапасының ұлттық орталығының” облыстық филиалы басшысы Рафис Зинетов.

“Тасқын су басталғаннан бері жол бір аптаға жуық мерзімге жабық болды. Сол уақыт аралығында ұзындығы 1,5 шақырымға жуық, тереңдігі бір метрге таяу жолды су басып жатты. Әзірге жеңіл көліктердің жүруіне  рұқсат беріп отырмыз. Жүк көліктері үшін әлі де қауіпті. Көпір секундына 4000 текше метр суды қабылдай алады. Бірақ кенеп су астында қалғандықтан, тартылып, дегдуі қажет. Ал дүйсенбіге қарай жүк көліктері де жүре бастайды”, – деді “ҚазАвтоЖол” ҰК ҚФ директоры Андрей Горват.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

Жаңалықтармен бөлісу