Қосымша көмек жұмылдырылды

Қосымша көмек жұмылдырылды

Қарасу ауданындағы  барлық өзенде су деңгейі көтерілді. Мәселен, Түнтүгір өзен і970 м, Құндызды өзені 720, Қарасу өзенінің деңгейі 880 сантиметрге жеткен.  Жергілікті атқарушы органдар су тасқынына дайындық жұмыстарын алдын ала жүргізді.

Былтыр қыркүйек айында  Октябрь ауылында ұзындығы 700 метр, биіктігі 2.5 метрлік үйінді тұрғызылды. Сондай-ақ,  өткен жылы Железнодорожное АМФ” ЖШС -імен жасалған меморандум шеңберінде Железнодорожное ауылындағы Целинная көшесінің бойында  ұзындығы 1000 м, биіктігі 2 метрлік топырақ үйілді.

Октябрь ауылдық округіндегі қорғаныш боларлық топырақ  үйіндісінің ұзындығы 1700 метрге жетеді. Қарамырза ауылында 2023 жылдың жазында облыстық төтенше жағдайлар департаментімен  бірлесіп, ұзындығы екі  шақырым болатын Түнтүгір  өзенінің арнасын тазарту жұмыстары жүргізілді.

“Қазіргі уақытта су тасқынына қарсы іс – шараларға 398 адам жұмылдырылған. Оның ішінде 195 жергілікті атқарушы орган, 46 ерікті, 42 полиция бөлімінің өкілі104 төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, Қостанай облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының 9 адамы жұмыс істеп жатыр. Су тасқынының алдын алуға  105  техника, 105 мотопомпа, 24 жүзу құралдары тартылды. Еріген сулардың қолайлы өтуін қамтамасыз ету үшін жалпы ұзындығы 6000 метр жер біліктері жабдықталып, жалпы салмағы 500 тоннадан асатын 16 мың қап құм әзірленді.  Мотопомпалар 600 мың текше метрден астам еріген суды айдады. Жалпы көлемі 21 мың текше метрден асатын жарылыс жұмыстары жүргізілді. Күн сайын өзендердің  деңгейін өлшеу бойынша гидропосттар жұмыс істеп жатыр.  Мұздың өтуін қадағалайтын бағалау үш  дрон бар”, – дейді Қарасу ауданы әкімінің орынбасары Сағит Нүгірбеков.

Оның айтуынша,  Қарамырза ауылында барлығы 70 аула суға кеткен.

Оның ішінде 40 тұрғын үй бар. Қарасу ауылына 171 адам эвакуацияланды. Олар  аудан орталығындағы  эвакуациялық пункттерінде және туыстарының үйін паналап отыр. Карамырза ауылының эвакуациялық пунктіне 70 адам көшірілген.

Аудан бойынша  Қарамырза, Зеленовка, Новоселов және Восток ауылдарында барлығы 308 адам уақытша көшірілді. Бәрі ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.  170 қара мал, 50 қой-ешкі, 240 жылқы қауіпсіз жерге апарылды.

“Қазіргі уақытта су тасқынына қарсы жұмылдырылған адам, техника күші жеткілікті. Ауданға Қостанай, Қызылорда, ШҚО ТЖД күштері, сондай-ақ,  Қарағанды қаласының әскери бөлімі көмекке келді. ШҚО ТЖД жедел құтқару жасағының арнайы техникалары жұмыс істеп жатыр.  Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының, Қарасу ауданының ЖШС және ШҚ техникасы, сондай-ақ коммуналдық аудандық кәсіпорындары да аянып қалып жатқан жоқ. Жағдай аудан басшыларының ұдайы бақылауында тұр”, – дейді аудан әкімінің орынбасары.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Қарасу ауданы

Жаңалықтармен бөлісу