“Су деңгейі төмендегенімен, болжам айту қиын”

“Су деңгейі төмендегенімен, болжам айту қиын”

Өткен аптада Ресей су қоймаларынан жіберілген су теріскейдегі өңірлерді біраз әбіргерге салды. Сол кезде іргесінен Әйет өзені ағып жатқан Б.Майлин ауданында тасқын суға төтеп беру жұмыстары жан-жақты жүргізілді. Жергілікті атқарушы билік тұрғындарды аман сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Аудан әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Бауыржан Ахметовтің айтуынша, су деңгейі 2-5 сантиметрге дейін түскен. Мәселен, өткенде Варварин гидропостында тасқын су 9 метрге дейін көтерілсе, қазір оның деңгейі 7 метр 30 сантиметрге дейін түскен.

“Әзірге ауданда жағдай тұрақты. Дегенмен, қауіптің бұлты әлі сейілген жоқ, – дейді Бауыржан Ахметов. – Су деңгейі төмендегенімен, тосын құбылысқа алдын ала қандайда бір болжам айту қиын”.

Айта кету керек, Б.Майлин ауданында жұма күні жолымыз түскенде Ресейдің Катенинское платинасынан секундына 70 текше метр су келіп жатқан. Аудан басшылары және төтенше жағдай жөніндегі бөлім қызметкерлері жағдайы дер кезінде бақылауға алып, барлық техниканы, адам күшін жұмылдырды. Ағыспен келген қалың мұзды арнайы техниканың көмегімен жарып, қызыл су өзеннің арнасынан асырған жоқ.  Дәл қазір жағдай қалыпты. Дегенмен, қуануға әлі ерте. Қайта, 2018 жылы Әйет ауылының шетіне ұзындығы 2 шақырым 200 метрдей бөгет салынған. Шеткері көшелерді сол бөгет қорғап қалды. Б.Майлин ауданы басшыларының мәліметіне қарағанда, ағын судың арыны ептеп басылған.

“Негізі, су тасқыны жылда болатын жағдай ғой. Алайда, дәл мұндай көлемдегі суды бұрын-соңды көрген емеспіз дейді ауылдың көнекөз тұрғындары. Оның үстіне  биыл қар жылдағыдан  бес есе көп түсті. “Жығылғанға-жұдырық” демекші, онсызда Ресей қоймаларынан жіберілген сумен арпалысып жатқанда, қырдан құлаған қардың суы да “жағадан алды”. Біздің аудан бойынша тек Николаев ауылының тұрғындары уақытша  көшірілді.  Қандайда бір төтенше жағдай туындай қалса, қамсыз отырмауы үшін тұрғындардың бәрін құлақтандырдық”,– дейді  Б.Майлин ауданы әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Бауыржан Ахметов.

Биыл да қарғын су кейбір үйдің қора-қопсысына, жертөлелеріне кірген. Бірақ, шұғыл іс-қимылдың арқасында жағдайды ушықтыруға жол берген жоқпыз дейді жергілікті атқарушы биліктің өкілдері. Екі күннің ішінде ауыл сыртынан  ұзындығы бір шақырымнан асатын терең ор қазып қойған. Ойпаңға жиналған су біткен қазір сонда құйып жатыр.  Өзен бойына күндіз-түні кезекшілік қойылған. Аудан басшылары жағдайды өз бақылауында ұстап отыр.

“Мұндай су 1993-94 жылдары болды. Ол жылдары мен аудан әкімінің бірінші орынбасары болып қымет істеймін. Екі жыл қатарынан су қатты келді. Бірақ, дәл осындай тасқын болған емес. Егер мына бөгет салынбағанда ауылды су алып кетуші еді”, – дейді Әйет ауылының тұрғыны Кенжебек Есжанов.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Жаңалықтармен бөлісу