Тұрғындардың жаппай инфекция жұқтырып жатқаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды

Тұрғындардың жаппай инфекция жұқтырып жатқаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды

Су тасқыны кезінде инфекциялық аурулардың өршігені туралы ақпарат тарады. Хабарламада краннан су ішуді тоқтату қажеттігі туралы кеңес айтылған. Мән-жайды жергілікті атқару органдары өкілдерінен және облыстық  Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен анықтап білдік.

Мессенджерлерде жайылып кеткен ақпаратта тасқын су кесірі тұрғындардың денсаулығына да қауіп төндіріп жатқаны айтылады. Яғни краннан ағызылған суды қайнатпай ішсеңіз, түрлі ішек ауруларына шалдығуыңыз мүмкін. Қазірдің өзінде “Гепатит А” жұқтырған адамдар бар көрінеді. Өйткені тасқын-сел ағыны жолындағы мал қорымдары мен дәретханаларды шайып өтіп, ел ішіп отырған өзендерге қосылған, хлорлау шамадан асырылып жіберген екен. Мұның салдарынан жапа шеккен адамдар бар-мыс. Бірақ мұны жергілікті жауапты ведомство өкілдері жоққа шығарып отыр.

“WhatsApp мессенджерінде мал қорымдарын тасқын бұзып кеткені туралы хабар тарап жүр.  Алайда облыстық Ветеринария басқармасының мәліметінше, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Осы хабарлама облыстық СЭБ департаментіне де жолданды. Фейкке, алыпқашпа әңгімелерге сенбеуге шақырамыз”, – дейді облыс әкімдігінің қызметкерлері.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен де жоғарыдағы хабарламаның жалған екенін меңзейтін мәлімет келді. Дей тұрғанмен мамандар тасқын кезеңінде қалайда судың сапасы нашарлайтынын жасырмайды. Сондықтан халыққа ескертпе мен нұсқаулық әзірлеп жіберген.

“Түрлі микроб-вирустың көбеюінен сүзек, дизентерия, А және Е гепатиті секілді көптеген инфекцияға шалдығу қаупі бар. Оның сыртында, адамдар мен жануарларға ортақ сальмонеллез, лептоспироз, туляремия, бүйрек синдромы бар геморрагиялық қызба, иерсиниоз, листериоз сынды дерт жұғуы да мүмкін. Сондықтан сақтық үшін бөтелкедегі немесе қайнатылған суды пайдаланған дұрыс”, – делінеді департамент ақпаратында.

Мамандар су тасқыны аймағында шомылуға, балаларды ойнатуға, қарғын сумен ластанған заттарды дезинфекциясыз тұтынуға болмайтынын, көкөніс, жеміс-жидекті бөтелкедегі немесе қайнатылған сумен шайып барып жеу керегін де ескертіп отыр. Тасқын қаупі сейілген соң ауыл, саяжай тұрғындарына құдықтарын тазартып, кептіріп барып, қайтадан қолдануға кеңес беріледі.

“Егер дене температурасының жоғарылауы, іштің ауыруы, құсу, диарея, бөртпе, тері түсінің өзгеруі, тыныс алудағы құбылыстар байқалса, ол жұқпалы аурудың алғашқы белгілері. Дереу емделуге кірісіңіз және медициналық көмекке жүгініңіз! Естеріңізде болсын, төтенше жағдай кезінде қарапайым гигиена талаптарын күнделікті ұстанып отыру  – көптеген ауру-кеселден сақтанудың жалғыз жолы”, – деп толықтырды мамандар.

Қазір Аумақтық санитар-эпидемиологиялық бақылау басқармасы су сапасын жіті қадағалап отыр. Алда-жалда сапа нашарлап кетсе, жергілікті атқарушы органдардың жұмылуымен таза су тасымалы ұйымдастырылып, тұрғындарға бутильденген су үлестіру көзделеді. Санитарлық насихат жұмыстары департаменттің әлеуметтік желілерінде, әкімдік сайттарында белсенді жүріп жатыр.

Жергілікті атқарушы орган өкілдері облыс тұрғындарын чаттар мен мессенджерлерде тарап жатқан жалған ақпараттарға исенбеуге шақырады.

Жаңалықтармен бөлісу