Су тасқыны қаупі өршіп тұрған Жанкелдин ауданына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев арнайы келді. Ол табиғи апаттың зардабын тартып отырған Тәуіш ауылына аялдап, өзімен бірге әкелген гуманитарлық көмегін жергілікті тұрғындарға таратты.
Халық қалаулысы аталған ауылдағы Қаратүбек жалпы білім беретін мектебі ғимаратынан бейнеүндеу жариялады. Елге қандай қиындықпен жеткенін айтып, көзімен көрген қазіргі ахуалды баяндады.
«Астанадан таңғы сағат 6-да шығып, Арқалыққа келіп, одан ары Аманкелді, Жанкелдин ауданына жеттік. Қазір Жаркөл ауылындамыз. Мұнда, өкінішке қарай, жарық пен интернет жоқ. Тек мектепте эектр қуаты және жылдамдығы төмен wi-fi бар екен. Өзімізбен әкелген 2,5 тонна гуманитарлық көмекті ғимаратты бір бөлмесіне жайғастырдық. Тұрғындар келіп, қажетті заттар мен азық-түліктерді алып жатыр», – дейді депутат.
Ол жолдың да өте нашар екенін, қатты бүлінгенін айтып отыр. Айтуынша, ауылға кіреберіс жолды су шайып кеткен. Өздері мінген «Газель» көлігі батып қалып, ауылдың тракторы елді мекенге сүйреп әкеліпті.
«Бастысы, күшіміз бірлікте екенін ұмытпайық. Ауыл халқының ауызбірлігі, ұйымшылдығы маған өте ұнады. Ауыл халқына мың алғыс!» – сөзін түйіндеді Дәулет Мұқаев.