Биыл көктемгі су тасқынының қатерлі болуы салдарынан Қостанай облысының Арқалық қаласы, Аманкелді, Жанкелдин аудандарына ел болып көмек беріліп келеді.
Жан-жақтан келіп жатқан азық-түлік, киім-кешектерді мұқтаж жандарға дер кезінде таратып беру үшін белгіленген орындардың бірі қаладағы «Мұхтасиб Әлмұхамед» мешітінің жаңадан салынып жатқан асханасы.
Кезекті көмек те осы жерге түсірілді.
«Арқалық өңірінде жағдайдың тұрақтанғанын қала әкімінің өз аузынан естідік. Су тасқынынан зардап шеккен ауылдардың тұрғындары қалаға жеткізіліп, қажет еткендеріне уақытша тұру үшін арнайы орындар бөлініп, оқушы балаларының мектептен қалмауына қолайлы жағдай туғызылыпты. Мұғалімдері де жұмыстарын жалғастыра береді екен. Қиын жағдайда қалған адамдарды ел болып, кәсіпкерлер болып асарлатып қолдап жатқанына куә болдық. Бұл жұмыстар бәрі жайлы болғанша жалғасын таба береді. Біз халықпен біргеміз», – дейді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдарбек Ходжаназаров.
Халық қалаулысы үй-мүлкінен айрылған тұрғындармен де кездесіп, келтірілген шығынның бәрі орнына келетінін, үкіметі, халқы барда ешкімнің де қиындықпен бетпе бет қалмайтынын алға тартты.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы