Қостанай облысының Жанкелдин ауданында су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасып жатыр. Құтқарылған тұрғындар аудан орталығындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп пен Шығармашылық үйінінің жанынан құрылған эвакуациялық пункттерге орналастырылды.Дәл қазір құтқарушылар Аралбай ауылына барып, халықты эвакуациялауға кірісті.
“Жергілікті органдар мал-мүлік шығынын азайту, байланыс пен интернетті, электр қуатын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр”, – делінген аудан әкімдігінің хабарламасында.
Аталған аумақта орман шаруашылығы қызметкерлерінің мобильді тобы жұмыс істеу үстінде. Моторлы қайықтармен арғы беттегі тұрғындарды қауіпсіз жерлерге шығарып жатыр. Су басқан ауылдардан барлығы 550-ге жуық адам эвакуацияланғаны туралы ақпарат бар. Олар бірінші кезекте керек-жарақ, киім-кешек, азық-түлікпен қамтамасыз етілетін болады. Бүгінде 22 елді мекеннің 12-сі электр энергиясына қосылған.