Көп балалы ана Лаура Құрманжанқызы былтыр мемлекеттен 1 млн 225 мың теңге грант алып, көптен ойында жүрген кәсібін бастады.
– Мемлекеттің қолдауының арқасында арманыма қол жеткіздім. Асханамызға келушілерге бар жағдайды жасауға тырысып жатырмыз. Біріншіден, бізде мемлекеттік тілге басымдық берілді. Ас мәзірін де, басқа көрнекіліктерді де қазақ тілінде жазғыздық. Тұтынушыларымызға арнап жағымды ұлттық әуендерді ойнатып қоямыз. Асханамызда дайындалған тағамдарды, тәттілерді татып көргендер «өте дәмді» деп тек алғыстарын айтуда. Сонымен қатар, өнімдерімізге бағаны да қолжетімді етіп қойдық. Біз әрі қарай да тұтынушыларымыздың көңілінен шығу үшін барымызды салатын боламыз», -дейді кәсіпкер.
Әзірше, асханада 2 адам жұмыс істейді. Лаураның өзі де, анасы Радагүл де 5-ші дәрежелі аспаздар. Қос кәсіби аспаз тағамның түр-түрін жасайды. Құрткөже, қуырдақ сынды жеңсік астарды да осы жерден табасыз.
Қалалық жұмыспен қамту орталығының есебінше, 2023 жылы Ұлттық жобаны іске асыруға 267,5 млн теңге қарастырылған. Бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 400 АЕК көлемінде 17 грант беру жоспарланып отыр.