Арқалықтағы су кірген үйлердің шығындары есептеліп жатыр

Арқалықтағы су кірген үйлердің шығындары есептеліп жатыр

Еріген қар суынан зардап шеккен тұрғындарға материалдық төлем жасаудың алғашқы жұмыстары басталып кетті. Қала әкімдігі жанынан құрылған арнайы комиссия қалаға іргелес кенттердегі су кірген үйлердің бүлінген дүние-мүліктеріне акт жасауға кірісті.

Үйіне су кіріп, жапа шеккендердің бірі – Дачный кентіндегі Аманкелді көшесі №4/2 үйдің тұрғыны Айдар Сейтмағанбетұлы.

«Судың кесірінен лаңға түсіп жатырмыз. Бүкіл бөлмеге су еніп кетті. Балаларымызды, келін, немерелерімізді ағайындардың үйіне апарып тастадық», – дейді үй иесі.

Комиссия демалысқа қарамай жұмыс істеп жүр. Арнайы мамандар әкімдіктің ішінде құжаттарды қабылдап жатыр.

«Залал келтірілген тұрғындарға 50 АЕК көлемінде бір реттік көмек міндетті түрде беріледі. Қосымша шығындар бойынша жасалған актіні мемлекеттік бағалаушы орган қызметкерлері құжат негізінде қарайды. Мөлшерлі сомасын шығарып, үкіметке тапсырады», – дейді қала әкімдігінен құрылған комиссия тобының басшысы, қалалық мәслихаттың төрағасы Гүлбану Төкенқызы.

Бүлінген заттар бағаланып, арнайы талаптарға сай мемлекеттен қаражат төленетін болады.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу