Қалпына келтіру кезек күттірмейді 

Қалпына келтіру кезек күттірмейді 

Бүгін Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың тапсырмасымен облыстық департаменттердің басшылары оңтүстік өңірлердегі су тасқынынан келген төтенше жағдайларға байланысты Арқалық қаласында ұзақты күн жұмыс істеді.

Таңертең ертелетіп сала басшыларының басын қосып, тиісті тапсырмалар берген облыс басшысы кешкілік өткен жедел штаб жұмысында олардың есептерін тыңдап, атқарылуы қажет жұмыстарды және бір пысықтады.

Ең алдымен әдеттегідей Арқалық қаласы, Аманкелді, Жанкелдин аудандары әкімдерінен ағымдағы сәттегі іс-қимылдардың нәтижесін білді.

Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асановтың баяндауынша қазір жағдай біршама тұрақталған. Алайда, су тасқынынан Екідің, Қызылжұлдыз ауылдарының үй-жайлары қатты зардап шекті.

«Қаладағы су басқан үйлер бойынша комиссия жұмысын бастап, 62 өтініш қаралды. Бұл жұмыс ертең де жалғасын тауып, азаматтарды қабылдау ұйымдастырылады. Берілетін төлем 50 АЕК көлемінде яғни, 184 мың 200 теңгені құрайды. Демеушілік көмектер де көрсетіліп жатыр. «Қайырымдылық КZ» қоғамдық қоры арқылы Қызылжұлдыз ауылынан 34 отбасының әр мүшесіне 100 мың теңгеден, алғашқы кезекте барлығы 18 млн 400 мың теңге қаржылай көмек берілді. Екідің ауылынан 27 тұрғыннан өтініш түсіп, қаралу үстінде», – деді қала әкімі Әмірхан Асанов.

Тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға көрсетіліп жатқан жәрдем-көмектер туралы департамент басшыларының есептерінде де баяндалды.

 «Жағдайды жіті бақылап, төтенше жағдайдан зардап көрген әрбір отбасының жағдайы толық ескерілуі қажет. Үйлеріне су кірген тұрғындардың бәріне тиісінше көмек берілсін. Бірде – бір жанұя ескерусіз қалмасын», – деп басшыларға тапсырма берді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Тасқынның зардаптары жедел қалпына келтірілуі кезек күттірмейтін мәселе.

Мал басын есепке алу, суға кеткен заңдастырылған мал-мүлікке өтемақы төлеу де жедел әрі әділ шешілуі қажет.

Алғашқы кезекте халықты азық-түлікпен қамту, үзілген электр желілерін жөндеу, жол қатынасын қалыпқа келтіру, ұялы байланыс сияқты қажеттіліктерді жолға қою тапсырылды. Жауапты қызмет түрлері үздіксіз жұмыс істеп, жағдайды тұрақтандыратын болады.

 

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ 

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

Арқалық қаласы

 

 

Жаңалықтармен бөлісу