Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов төтенше жағдай режимі жарияланған өңірлердегі су тасқынына қарсы іс-шаралар жөнінде Арқалық қаласында жедел штаб отырысын өткізді.
Әлеуметтік көмек көрсету, су тасқыны салдарын, атап айтқанда байланыс, электр энергиясы, жол қатынасы, телефония, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды қалпына келтіру және тағы басқа мәселелер қаралды.
“Өткен тәулікте ТЖМ және әкімдіктердің күшімен 116 мың текше метрден астам еріген қар су сорылды, 5,8 мыңнан астам қапшық және 370 тонна инертті материал төселді. Авариялық-құтқару жұмыстарына 953 адам, 441 техника, 157 су айдау құралдары және 22 бірлік жүзу құралдары, 4 әуе техникасы тартылды. 38 елді мекен электр қуатынан ажырап қалды”, – деп баяндады облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қайрат Қасым.
Облыс әкім Құмар Ақсақалов ақауларды жою жұмыстарын жедел жүргізуді тапсырды. Қостанай облысының оңтүстік өңірлерінде қалыптасқан жағдайға байланысты Аманкелді және Жанкелдин аудандарының көпшілігі ұялы байланыссыз қалды.
«Біз ұялы байланыс операторларына жүгіндік және олар тұрғындарды байланыс және интернетпен қамтамасыз етуге жедел көмектесті» – деді Қ.Ақсақалов.
Теле2 және Билайн компанияларының жедел іс-қимылдарының арқасында Амангелді және Торғай аудан орталықтарында ұялы байланыс іске қосылды.
Сондай-ақ, «Кселл» АҚ байланыс операторы Аманкелді ауылында байланыс орнатты, Торғай ауылындағы Кселл/активтен мобильді интернетпен қамтамасыз ету мәселесі пысықталып жатыр.
Аманкелді және Жанкелдин аудандарында электр энергиясы болмаған кезеңде облыстың оңтүстік өңірінің тұрғындары мен ұйымдарының үздіксіз стационарлық байланысын және интернет желісіне қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін «Қазақтелеком» АҚ техникалық қызметкерлердің тәулік бойы кезекшілігін ұйымдастырды және электр қуатымен қамтамасыз ету үшін дизель-генераторларды іске қосты.