Әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде белгісіз біреулер Торғайға Ұлытау жақтан алапат сел, тасқын су бара жатқанын айтып, аудиохабарлама таратып жатыр.
“Ауылдағыларға жеткізіңіздер, Ұлытаудан топан су келе жатыр” дейді хабарлама таратушылардың бірі.
Алайда, облыс әкімдігі жанынан құрылған арнайы штаб өкілдері де, Жанкелдин ауданы әкімдігі де бұл қауесеттің шындыққа жанаспайтынын айтып отыр.
“Біз Ұлытау облысымен де, Төтенше жағдай мамандарымен де тығыз байланыстамыз, олар мұндай ақпарат жоқ деп айтты”, – дейді арнайы штаб өкілдері.
Құзырлы орган мамандары тұрғындарды ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырады.