Арқалық қаласына қарасты Екідің және Қызылжұлдыз ауылдарына қатынас үзілген. Құтқарушылар тек қайық және жол талғамайтын техниканың арқасында қатынап жүр. Шаруа қожалығының үш адамы тік ұшақтың көмегімен құтқарылған. Бұл туралы Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қайрат Қасым айтып берді.
“Қазіргі басты мақсатымыз – адамдарды құтқару. Біз екі ауылдың барлық тұрғынын эвакуациялауға әзірленіп жатырмыз. Қауіп төніп тұр. Түнде жаңбыр жауады деп болжанып отыр. Су деңгейі көтеріле түседі. Өкінішке қарай, су астында қалған үйлер бар. Ұлттық қауіпсіздік комитеті тік ұшақ берді”, – деді Қостанай облысы ТЖД бастысы Қайрат Қасым.
Басқарма басшысының айтуынша, екі сағаттың ішінде су деңгейі екі метрге көтерілген. Ең қауіп төніп тұрған елді мекен Арқалық қаласы мен Аманкелді ауданы екенін айтады.
“Синоптиктер жағдайды 1990 жылғы су тасқынымен салыстырып отыр. Қар көлемі тым көп, шамамен 200 пайыз. Оған жаңбыр қосылды. Қарағанды облысынан әскерилер жіберілді және Қызылорда облысының ТЖД құтқарушылары көмекке 80-нен астам адам келді. Оның сыртында 50 техника мен 47 мотопомпа жұмылдырылды”, – деді басқарма басшысы.
“Түнде Құсмұрын мен Жітіқара ауданында жаңбыр жауды. Қазірдің өзінде су айдау жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бұндай тассқынды біз 4-7 күннен кейін ғана келеді деп күттік. Байланыстан тыс қалған ауылдар да бар”, – деді ол.
Сондай-ақ, басқарма басшысы ҚР ТЖМ-мен тәулік бойына байланыс ұстап отырғанын жеткізді. Қажет болса, кез келген уақытта аймаққа қосымша күш жіберіледі.
Басқарма басшысы қазіргі уақытта қауіппен бетпе-бет қалған Арқалық өңіріне жол жүріп кетті.
Сералы МЫРЗАБАЙ