Қазақстан тәуелсіздігін алған жылдары ауданның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ел азаматы Жақан Қосабаевқа көше аты беріліп, арқа-жарқа той болған еді. Сол жылы Ұлыстың ұлы күнінде, сол көшенің тұрғындары қыр басында ат шаптырған.
Міне, аталған игі бастама аяулы тұлғаның көшесінде араға он жылдан астам уақыт салып қайта жалғасты.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, тұрғындар әуелі дене шынықтыру және сауықтыру кешеніне киіз үй құрып, ішін әдемілеп безендірді.
“Біздің көшенің тұрғындары аз болса да белсенділікпен ат салысты. Екі керегені айқара ашып қойып, ортасында балалар асық ойнады, әжелер ұршық иірді, жастары диірмен тартты. Күмістің түр-түрін алдыртып, көне ғасырлық тарихы бар көрме құрылды”, – дейді көше тұрғыны Сәуле Дүйсенова.
Мәселен ондағы жез самурынды Торғай шаһарына алдыңғы ғасырда көпестер Тула жерінен арнайы алдырған.
Кейін ғасыр жасаған Бөпіш қария пайдаланып, көненің көзіндей болған затты кейінгі ұрпаққа қалдырып кеткен. Сол секілді көрмеге қойылған ат әбзелдері Байтемір ауылының тұрғыны Асқар Базарбайұлының үшінші атасынан қалған көне мұра.
Қазақтың салты бойынша жарапазан айтылып, қыз алып қашу, беташар, тұсау кесер рәсімдері жасалды, тұрғындар жас баланы ашамайға мінгізді. Көрсетілген ұлттық ойындардың ішінде ұмытылып бара жатқан “Кіндік-сандық” ойынын айтып кетуге болады. Екі жігіт бір-біріне
жауырындарын түйістіріп, тізерлеп отырады. “Ал, кеттік!” дегенде кім бірінші көтеріліп кетсе, сол адам жеңімаз атанады.
Ал, дәрігер Аяжан Айғожин көшесінің тұрғындары наурыз мерекесін тамаша шерумен бастады.
24 отбасы кезінде талай жанды ажал тырнағынан арашалап қалған жерлестерінің суретін алып шықты. Бұл шеруге ауданның атқамінерлері мен басқа көшенің тұрғындары да қосылды. Киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ұйымдастырылды.
Аяжан Айғожин көшесінің тұрғыны ардагер ұстаз, Ы.Алтынсарин атындағы медальдің иегері Жұпаркүл Батырханқызы бұл бастама жастардың ұсынысымен жүзеге асқанын айтады.
“Біздің көшенің жастары келіп: “Апай, көшемізде Наурыз өткізейік, сіз соны ұйымдастырып, басында болсаңыз!” деп бастамаларын айтты. Бір отбасының мүшелеріндей, бір кісідей ат салысып осы іс шараны өткізген жайымыз бар. Көшеміздің жігіттері түнімен кигіз үйді жабдықтап, қарды күреп, тынбай еңбек етті”, – дейді Жұпаркүл Хамзина.
Қазақтың салт-дәстүрлері көрсетіліп, наурыз көже дайындалды. Ұлттық спорт ойындары (арқан тартыс, қол тіреспен қатар гір көтеру, дартс) өткізілді.
“Президентіміздің бастамасымен Наурыз мерекесі он күн тойланып жатыр. Наурызнамаға сәйкес әр күнге тақырып берілгенін білесіздер. Соған сәйкес, аудан тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлайық деп әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырып жатырмыз. Оған Торғай ауылының тұрғындары да өз бастамаларымен көшеде Наурыз тойлайық деп атсалысып жатыр. Біз ол кісілерге барынша қолдау жасадық. Торғай ауылының әкімдігі шаруашылық мәселелеріне жәрдем жасады. Екі көшенің де тойы ойдағыдай өтті”, – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жадыра Қошеметова.
Ұлттық құндылықтарымызды нәсихаттау мақсатында алдағы жылы да осы бастаманы басқа көшелер құптап, Торғайдың барлық көшесінде Наурыз өтеді деген үміттеміз.
Жанкелдин ауданы