Биыл ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы Атырауда өтті. Онда ҚР Президенті Қ.Тоқаев тарихи, философиялық мағынасы терең баяндамасын: «Биыл Ұлыстың ұлы күні қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отыр. Ұлттық құрылтай да әз-Наурыз қарсаңында өтіп жатыр. Ұлыстың ұлы күні табиғат та тұтас жаңарады. Ал құрылтайда қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үшін маңызды қадамдар жасалады. Жаңару мен жаңғыру жақсылыққа жол ашады», – деп бастады. Бұл, шынында да, ойландыратын, ой салатын бағдарламалық баяндама болды. Табиғаттың жаңаруымен бар әлемдегі тіршілік оянып, жаңаша амалдар жасауға әрекет қылдырса, ынталандырса, сол табиғаттың ажырамас бөлігі ретінде адамзат та өз тіршілігін оңтайлауға әрекет жасайтыны заңдылық. Осы заңдылыққа сәйкес, қоғамымызда да оң өзгерістер орын алуда. Көп салалы қоғамда реформалар іске асып, мемлекетімізді табиғаттың көктеміндей үлкен жанданып, ілгері дамуымызға мүмкіндіктер туғызып отыр. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Қасым-Жомарт Кемелұлының идеологиялық тұжырымдамасының негізгі бағыттары өте құнды. Олар – Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық. Міне, осы идеялар негізінде ХХІ ғасырдың алдыңғы шептегі елдердің қатарында бола аламыз. Президент өз баяндамасын үлкен сеніммен халқына жеткізді. Ендігі іс – осы негізгі ойларды, ұсыныстарды асқан жауапкершілікпен іске асыру. Бұл – бәрімізге ортақ парыз.
Қалқаман Жақып,
ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы