Қостанай облысының әкімі “Отбасылық спорт күнінде” шаңғы жарысына қатысты

Қостанай облысының әкімі “Отбасылық спорт күнінде” шаңғы жарысына қатысты

 Өңір басшысы белгілеген мың метр арақашықтықты орынбасарлары, басқарма, аппарат басшыларымен жүріп өтті.

17 наурыз — “Наурызнама” онкүндігінің “Шаңырақ” мерекесіне орай  ұйымдастырылған шаңғы жарысының ашылуында облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысушыларды құттықтады.

 

“Биыл Наурыз мерекесін тойлау аясында “Наурызнама” онкүндігі бекітілді. Бүгінгі “Шаңырақ” күніне орай жаппай шаңғы жарысы ұйымдастырылып отыр. Бұл іс-шара отбасы құндылықтарын арттыруға, насихаттауға ықпал етеді. Бастысы, бала тәрбиесіне зор мән беру қажет. Жастар үлкенге ізет көрсетіп, үлгі алатын болады. Облысымызда осы мақсатты ілгерілетуге арналған ауқымды жобалар қолға алынып жатыр. Бірнеше спорт нысандарын салу жоспарда бар. Үшеуі пайдалануға берілгенін білесіздер. Жалпы, өңірімізде 12000 бала қысқы спорт түрімен айналысса, оның 7000-ы осы шаңғы спортына барады. Келер жылы осы жерде қысқы спорт түрлерінен облыс спарткиадасын өткізгелі отырмыз”, – деп атап өтті облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Иван Вепрев осындай іс-шаралардың бұқаралық спортты дамытуға зор септігін тигізетінін айтты.

“Спортты дамытуға көбірек атсалысуымыз қажет. Балалар өміріміздің жалғасы. Ертең Отанымызды, ел намысын қорғайды. Кейбір мектептер болашағынан үміт күттіретін балғындарды іріктеуге жаттықтырушыларымызды жібермейді. Осы мәселені бірігіп қолға алса деген тілегіміз бар”, – деген ұсынысын жеткізді ол.

Жарысқа аудан-қалалардың өкілдері мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері, әртүрлі оқу орындарының студенттері қатысты. Олар өздеріне берілген мың метр қашықтықты айналып өтті.

Жарыста Қостанай ауданы жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері үздік белсенділік танытты.

“Наурыз мерекесінің аясында өтіп жатқан іс-шараға үлес қосқымыз келді. Қазір осы спорт түріне жақсы көңіл бөлініп жатыр. Біздің мектептен бұл сайысқа жиырма бала қатысуға бел буды”, – дейді спорт мектебінің жетекшісі Дәмер Файзоллаұлы.

Шаңғы жарысына төрт жүзден астам адам қатысқанын айта кетейік.

Жанкүйер қауымның тамаша ұран сөздерімен жазылған қолдауы қатысушыларға зор рух сыйлады.

Бұл туралы толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу