Еліміздің батыс аймағында 14 наурызда Көрісу басталады. Көрісу айт – ежелден келе жатқан мереке. Халық әнінде: «Хат жаздым қалам алып сізге еркем, Жүзі бар он төртінші-ай айдай көркем», – деп жырлайды.
Он төртке толған қыздың толған айдай сұлулығын жырмен жеткізген. Осы жолдардағы он төрт саны да – Көрісу айт мерекесі болатын наурыздың он төртінші жұлдызын меңзесе керек. Дегенмен Көрісу салты барша қазақта бірдей сақталмаған. Еліміздің батыс өңірінде ғана ерекше көңіл бөлінеді. Сол күні замандастар, құда-жекжат, тума-туыс, барша мұсылман баласы бір-біріне сәлем беріп, қол алысып көріседі. Көрісу айт меркесі жылдан жылға жаңарып, мән-мағынасын жоймай келе жатқан игі дәстүр.
Мүмкін мен айтып отырған мерекенің маңызын кейбір өңірдің тұрғындары шынымен де біле бермес… Балалық шағымның куәсіндей болған Көрісу мейрамы туралы сөз болған кезде есте қалған қызықты сәттер жадымда жаңарғандай болады. Жастық шағым Батыс Қазақстан облысында өтті. Мектепті Қазталов ауданы, Сарықұдық ауылында оқысам, жоғары оқу орнын Орал қаласында тәмамдадым.
Бала кезімізде наурыздың он төрті күні ұйқыдан ерте тұруға тырысатынбыз. Себебі, Көрісу айт – біз үшін үлкен мереке! Оның үстіне жастар жағы оразасын ашпастан көрші тұрған үш үймен көрісуге міндетті. Таңертең тұрған бойда беті-қолымызды тездетіп жеңіл-желпі жуа сала сыртқа асығатынбыз. Жылы киімімізді иыққа ілген бойы көршілерді аралап кетеміз. Бір қызығы сол күні мектепке кешігіп келетін оқушылардың саны көп болатын. Оған ұстарздар қауымы да түсіністікпен қарайтын.
Алагеуімде қай отбасына кірсең де ошағында сары шәйнегі сарқылдап қайнап тұрады. Дастарқандары тәтті тағамға толы болатын. Барған үйдің барлығына мерекелік көңіл-күйді ала кіргендей күй кешетінбіз. Әр адамғақуанышты жүзбен қол созып, көрісіп шығамыз. Жасы үлкендердің баталарын алып, сыртқа қарай қайта жүгіреміз. Ақ жаулықты аналар болса, қалтамызды құрт, кәмпит-мәмпәсиге толтырады. Екі-үш үйге бас сұққанда-ақ тәтті толған қалтамыз томпайып шыға келеді. Біз болсақ, ауылдастардың барлығын аралап шығуға тырысамыз. Бір жағынан балалық болса, екінші жағынан сол күні ауыл үлкендерінің барлығының үйіне барып шығу міндеттіміз. Көше аралап жүргенде шатасып, кейбір үйге бас сұқпай қалуың да мүмкін. Жаңылысып қалғаныңды ешкім кешірмейді. Келешекте сол үйдің қариясымен бір жерде кездесе қалсаң, ұялғанан қолыңды созып көрісуіңе тура келеді. Сол кезде:
– Көрісу айт күні үйіме келіп неге көріспедің? Мүмкін мен саған баруым керек болған шығар, ә? Мүмкін уақытынан бұрын қартайған шығарсың, ә? Жастардың кездескен жерде емес, үйге іздеп келіп көрісу керектігін білмейсің бе?! Бәтшағар, қызталақ!, – деп ренжіп, ит терісін басыңа қаптайды. Өзгелердің көзінше масқараңды шағарады.
Осыдан-ақ Көрісу айтты – үкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге үйрететін тәрбиесі мол, қыстан аман-есен шыққанымызды білдіретін ұлық мерекелердің қатарынан екенін ерте жастан түсініп өстік. Орал жақта ол кездері қар да кеш еритін. Кейбір жылдары Көрісу айтта қатты боран соғып, жолды жауып қалып жатады. Ауа-райы қандай қабақ танытса да, біздің меркелік көңіл-күйіге толы еңсемізді ешкім түсіре алмайтын.
Әлі есімде. Бесінші сыныпта оқитын кезім. Біздің көшенің екінші басында тұратын көршіміздің қабаған иті болатын. Түсі де сұсты қап-қара. Бала атаулының барлығы оның өзі түгілі көлеңкесінен қорқатын. Бұған дейін жақын маңда ойнап жүрген бір-екі баланың балтырын қанатып қойды деген аңыз да бар. Көрісу айтта көршілерді аралап жүрмін. Аталған үйге жақындаған кезде аулаға кіріп бара жатқан бір топ үлкен адамдармен жолығып қалдым. Олармен жағаласа мен де үйге ендім. Сол кезде Жолбарыс тып-тыныш қана үйшігінде жатқан болса керек. Бой көрсете қойған жоқ. Үлкен кісілер жағы көрісіп болғанан кейін, дастарқанды жағалай отыра қалды. Олардың бір-екі кесе шай ішкен соң ғана үйлеріне оралатынын түсіндім. Маған үйден жалғыз шығуыма тура келді. Қабаған иттен қорққанымнан сыртқы есіктен оң жақ шекемді жайлап шығарып, айналама қараймын. Аппақ қар. Көктемнің шуағына шомылған торғайлар тартылған сымға қонған күйі мүлгіп отыр. Жақын маңда мен қорқатындай ештеңе байқалмайды. Қараймын ауланың есігіне дейін жеті-сегіз адам ғана бар. Шарбақтан аман-есен шығып кетсем, әрі қарай еркіндікке шығатын сияқтымын. Жанымды Жаратушыға тапсырып, «Тәуекел түбі – желқайық…» деп жүгіре басып, үйден шықтым. Жан-жаққа қарауға шама жоқ. Алға қарай ұмсынып келемін. Дүрсілдеп соққан жүрегімнің көлемі бірден-бірге үлкейіп, аузымнан шығып кететін сияқты. Шарбақтың есігіне екі қадам қалып, енді жеттім-ау дегенде… Соңымнан арсалаңдап жүгірген Жолбарыстың дауысы құлағыма келді. Дәл өзі… Ішімнен иманымды үйіре бастадым. Буындарым дірілдеген күйі тағы бір адымды шаққа жасадым. Сөйттім де, арқамды ауланың қабырғасына тіреп, артқа бұрылдым. Соңымнан жүгірген қара төбетте менің жанарыма көзін қадап, жақын жерге тоқтай қалды. Дәл алдымда шекара бұзушыны ұстаған жауынгердей қаны қатқан, сұсты жануар тұр. Екі езуіндегі өткір тістері ақсиған, көздері қанталаған. Артық қимылдасам, аузындағы алмастай өткір тістері менің ет-сүйегімді қабырғаммен қоса турап тастайтын секілді. Айқайлап, иттің қожайындарынан көмек сұрайын десем, ауыз қуысым тамағыммен қоса кеуіп қалыпты. Тілім де таңдайыма жабысып қалған. Жолбарыс болса, менің әр қимылымды аңдып тұр. Шап беріп қауып алғысы келетіндей. Екі көзі менің әр қимылымда.
Мұндай жағдайда екі қолыңды сыйғызарға жер таба алмайды екенсің. Алға созсам, арандай ашылып тұрған еттартықштан туралып бір шағатындай. Сасқынымнан екі қолымды денеме жабыстырған күйі жылжыта төмен қарай түсірдім. Мұндағы ойым, қолдарымды тыныш қана қалтама салып тұру. Ылдиға жылжыған саусақтарымның ұшы бауырсақ, құрт, тәтті-мәттіге толған қалтамның үстінен бір-ақ шықты. Сонда ғана ойыма бір айла сап ете қалды. Бабын келтіре тоң майға қуырылған бауырсақтарды Жолбарыспен бөліссем қалай болады екен?.. Мүмкін маған деген ашуы жібіп, өз жөніме қоя берер…Ойымды іске асыруға бел шештім. Жылдам қозғалыс жасап, екі данасын оң жақ қалтамнан суырып алдым. Жаңа піскен бауырсақтың иісі айналаны алып кетті. Мұрынды жарып барады. Сол-ақ екен төрт аяқты аула сақшысының қара тұмсығы жыбыр ете қалды. Төңіректі иіскелей бастады. Мен болсам достарыммен бірге ойнайтын «Соғыс» қойылымындағы фашисттей жарға жабысқан күйі әлі қатып тұрмын. Ішіменен:
«Ә, тесік тамақ. Көрші әпкемнің пісірген күрең бауырсағын көрсетіп едім, сілекейің шұбырайын деді ғой…», – деп қоямын.
Бір уақытта батырлығымды бойыма жинап, баруырсақты Жолбарысқа қарай лақтырып қалдым. Ол да шапшаң екен. Секірген күйі бауырсақты ауада қағып алды. Шайнар-шайнамастан қылғытып жіберді. Жаңа ғана өңменімнен өтіп тұрған сұсты жанары да өзгеріп шыға келді. Байқаймын, қақшитып алған желке жүні де босай қалыпты. Маған көзін сүзіп, қызыл бауырсақтардан тағыда дәметіп тұрған сияқты. Маған да керегі сол еді. Қалтадағы қозыкүреңдерді бірінен соң бірін алдына тастап жатырмын. Жолбарыстың датәбеті жақсы екен. Бауырсақтарды кезегемін жұтқан бойда басын көтеріп маған қайта қарайды. Мен болсам арадағы азғантай үзлістерді пайдаланып, шарбақтың есігін жаймен ашып алдым. Есікке қарай денемді бұра бастасам болғаны Жолбарысым қайта ырылына басып тұрып алады. Тағы бір айла ойыма келді… Осы жолы кезекті екі-үш бауырсағымды алысқа лақтырдым. Құйрығын бұлғақтата жүгірген төрт аяқты досымның алшақтап кеткенін пайдаландым да қақпадан зып беріп шығып кеттім. Тура бір көршінің иті есікті кейін қарай тартатындай тұтқадан қос қолдап ұстап, өзіме қарай тартып тұрмын. Сәлден кейін есімді жинап, қара темірге жабысып қалған саусақтарымды босата бастадым. Есіктің сыңылауынан ішкі жаққа қарасам, қара төбет әлдеқашан үйшігіне кіріп, жатып алыпты. Тыста қалған құйрығының жартысы жыландай жылмыңдайды. Сол жылғы менің Көрісу айтым осымен аяқталып, үйіме қайттым. Одан кейін ауласында қабаған иті бар үйлерге жалғыз баруды доғарған едім.
Манарбек ҚАРЕКЕНОВ
Алматы қаласы