Полицейлер көші-қон заңнамасына қатысты 50-ден астам тәртіп бұзушылықты анықтады

Полицейлер көші-қон заңнамасына қатысты 50-ден астам тәртіп бұзушылықты анықтады

Республика бойынша жүргізіліп жатқан “Мигрант” жедел алдын-алу шарасы шеңберінде Қостанай облысында көші-қон заңнамасына қатысты 50-ден астам бұзушылық анықталды.

Негізінен, бұл шетелдік азаматтардың ел аумағында болу ережелерін бұзуымен байланысты.

21 азамат ішкі істер органдарын шетелдіктердің өздерінде болғандығы туралы хабардар етпегені үшін, 3 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

“Күшейтілген рейдтік іс-шаралар барысында біз тұрғын үй алаптарын, жатақханалар мен саяжай алаптарын аулалық және пәтерлі аралауды жүргіземіз. Шетелдіктердің болуы мүмкін шалғай жерлерін – шаруа қожалықтарын тексеруге ерекше көңіл бөлінеді”, – деп атап өтті ПД Көші-қон полициясы басқармасының бастығы Қайрат Дүтпаев.

Кеше Ұзынкөл ауданында шекара маңындағы бақылау-өткізу пунктінде мемлекетаралық іздеуде жүрген көрші мемлекеттің 22 жастағы азаматы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Оның ұрлық жасағаны үшін іздеуде екені анықталды.

Ведомствода қабылдаушы тұлғалар көші-қон қызметіне келген шетелдіктер туралы олар келген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті екенін еске салады.

Жыл басынан бері полиция өңірде көші-қон заңнамасына қатысты 330-дан астам тәртіп бұзушылықты анықтады.

Жаңалықтармен бөлісу