Бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов ғасырдан асқан ғұмыр кешіп келе жатқан Қостанай қаласының тұрғыны Карима Әкімжанованы арнайы барып құттықтады.
“Халықаралық әйелдер күнін пайдаланып, 9 бала, 19 немере, 24 шөбере сүйіп отырған батыр анамызды арнайы құттықтайын деп едім, апа!. Осындай «Алтын алқа» иегерінен тараған ұрпақ түрлі салада еңбек етіп, ел дамуына сүбелі үлес қосып жүр. Облыстың барша ер-азаматтарының атынан нәзік жандыларға шексіз алғысымызды айтамыз. Көктем шуағына толы осынау күн баршаңызға шаттығын әкеле берсін!” – деді өңір басшысы.
Карима әжеміз Әулиекөл ауданы Кондрат ауылының тумасы. Балалық шағы соғыс кездеріне тап болып, ауыл жұртымен бірге тыл еңбеккерлеріне қолғабыс етті. Кейін жолдасы Мұратқа тұрмысқа шығып, он бір баланы дүниеге әкелді. Мырзакөл ауылында еңбекке араласып, тоғызын аман-есен өсіріп, ер жеткізді. Бүгінде Қостанайдағы кіші қызы Кенжештің қолында тұрып жатыр.
Биыл күзде жүз бірге келген әжейдің әңгімесі де жарқын:
“Қазір осында жүріп жатқан жайымыз бар. Жаз шыға Мырзакөлдегі балаларымда боламын. Жиендерім Айдос пен Әйгерім де өсіп қалды. Құрақ ұшып мектептен келгенде жанымнан шықпайды. Айдос Назарбаев зияткерлік мектебінің тоғызыншы сыныбында, Әйгерім он бірінші сыныбында оқып жатыр”, – дейді көнекөз қария.
Әжеміз барша қазақ еліне:
“Құттықтап жатқандырыңызға рахмет, бақтарың әрдайым асып, таса берсін, бала-шағаларың көп болсын, уайым жоқ болсын. Халқымыз, заманымыз тыныш болсын, соғыс болмасын. Бәрі нанның арқасы ғой, егін бітік шығып, халқымыз тоқ болсын. Сонда ел берекелі болады”,– деп ақ батасын берді.
Айбек ҒАЛЫМҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев