Тынымсыз еңбектің жауынгерлері өздерін бүгін жаңа қырынан көрсетіп, қолдарына қалам алды.
Алмат ТҰРСЫНОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері:
– Менің анам – Зәйтуна Уәпқызы соғыстан кейінгі жылдары әкеміз Жанәбіл Шаяхметұлына тұрмысқа шығып, ұзақ жыл бір шаңырақ астында тату ғұмыр кешті.
Екеуі бірге отасқан елу төрт жылда анамыз отағасын құрмет тұтты, сыйлады.
Ол кісі барынша кішіпейіл, қарапайым еді. Мейірім шашқан жүзінен сұлулықтың, әдемі бір сүйкімділіктің лебі есетін. Сонысына қарамай, қай істі де қара нардай қайыспай көтере білетініне таң қалатынбыз. Туған-туыс, көрші-көлем үшін біздің үйдің есігі әрдайым ашық еді. Анамыз марқұм ағайынның қай қуанышына да ортақтасып, қиын сәттерде қастарынан табыла білді. Көмекке мұқтаж жандарға үнемі ақыл-кеңесін айтып отыратын. Ешкімді алалаған емес, бәрін бауырына тарта білді.
Ешкім бұл дүниеге анасыз келмейтіні ақиқат. Ол өзінің бөбегіне құрсақта жатқанында-ақ мейірленіп, аналық махаббатқа ерік береді. Біздің анамыз да бауырларыма өмір сыйлап қана қойған жоқ, әрқайсысын мәпелеп өсірді, жеткізді. Біз – сыңарым Талғат екеуміз туғанға дейін ата-анамыздың Азамат, Әзмұхан, Гүлбаршын, Ғалихан, Қуанышбек, Марат есімді балалары бар еді. Әрқайсымыз Анамыз үшін бір-бір жалғыз едік. Мүмкін, мінез жағынан әрқилы шығармыз, бірақ, ерекшелігімізге сай көңілімізді тапты. Бәйек болды. Ол кісі: «Мен сендердің қастарыңда жүрмесем де, жағдайларыңды сезіп, біліп отырамын», – дегенді жиі айтып отыратын. Оның интуициясы өте күшті болды. Кімнің қолынан не келетінін, қандай да бір жағдайда балалары өздерін қалай ұстайтынын болжай білетін. Жүрегі өте кең-тұғын.
Анамыз бәрімізге ақылшы болды. Онымен шүйіркелесіп отыру да бір ғанибет еді. Оның әдемі, мейірімді көздері ерекше жылу сыйлайтын. Ал әдепкі ойлы көзқарасы қатаңдық пен жұмсақтықты қиюластырып жіберетін. Ол бәрімізді аялай білді. Сондай құдіретті жанның айналасында біздің бар саналы ғұмырымыз өтті. Балалық шақта ештеңеге аса мән бере қоймадық. Тек есейген кезде түсінесің, бағалайсың. Біз анамыздан көп нәрсе үйрендік. Ол бізге ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы даналығы мен олардың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі жөнінде айтушы еді. Мұның бәрі Ананың сүтімен дарыды десем, қателеспеймін.
Біз есейіп кетсек те, анамыз үшін бәрібір бала кейіпте қала береміз. Біз отбасылы болғанда да қамқорлығын аяған емес. Жан-жағына сүйіспеншілік пен мейірбандық жылуын шашу үшін үлкен жүрек керек. Ол әрқашан менің әділ тәлімгерім және басты сыншым болды. Қазір неғұрлым алыстаған сайын, мен оның дұрыстығына көз жеткізе бастағандаймын.
Қадірлі Аналар, қыз-келіншектер, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Әйел-Ана – өмірдің өзегі, тіршіліктің күре тамыры, ыстық ықылас пен ыждаһаттың, пәктік пен тазалықтың қайнары. Еліміздің сән-салтанаты мен мерейінің үстем болуында да нәзік жандардың еселі еңбегі мен қажырлы қайратының қарымды үлесі жатыр. Олай болса, көктемнің осынау шуақты мерекесі көңілдеріңізді нұрға, жүректеріңізді жырға бөлесін!
Талғат КАРБОЗОВ,
Аманкелді ауданының әкімі:
– Менің анам Әсия Рахымқызы Мұсағұлова Меңдіқара ауданына қарасты Төлеңгіт ауылында туған. 1967 жылы сондағы педучилищені аяқтаған соң жодамамен Аманкелді ауданына келген. Крупская атындағы орта мектепте зейнетке шыққанша бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарды. Оқу ісінің үздігі. Көп марапаты бар. Қаншама шәкірт
тәрбиелеп, өңірдің дамуына өзіндік үлес қосты. Әкеммен отау құрып, әжемізді де бақты. Дүниеге алты бала әкелді. Отбасымызда төрт ұл, екі қыз бар. Анам әр баласының өмірден өз жолын табуға барын салды. Мысалы, менің мамандық таңдауыма әке-шешемнің көп ықпалы болғанын айта кетейін. Есеп-қисапқа жақын едім, содан шығар, 8-сыныпты бітірген соң бухгалтер болуыма ұсыныс беріп, Арқалықтағы техникумға түсірді. «Осыны оқысаң, жаман болмайсың» деді. Солардың ақылын тыңдағанымнан жаман болған жоқпын.
Анамның балалық шағы қиын-қыстау кезеңде өтті. Жетімдіктің зардабын көп көріпті. Бірақ бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіріп өскен. Сол тәрбиені біздің бойымызға сіңіре білді. Өте қарапайым, жұмсақ мінезімен бәріне сыйлы. Әкем шаруашылықпен сыртта жүргенде үйдің барлық жұмысы анамның мойнында болды. Сол кісіге көмектесіп үйрендік, бізді еңбекке баулыды, осы күнге жеткізді. Бірінші Аллаға, екінші ата-анамызға қарыздармыз. Осы үлкендердің атына кір келтірмей, елге қызмет етіп жатқан жайымыз бар. Анамнан әлі күнге дейін ақыл сұрап отырамын. Бізге үнемі адал болуды, еңбекті сүюді айтады.
Қазір анам ауылдағы қара шаңырақта, ініммен бірге тұрып жатыр. Мерекедегі тілегім: әкеміз көрмеген қызықты анамыз көріп, немере-шөберелерінің ортасында аман-есен жүре берсін!
Дүниеде ана махаббатынан қасиетті нәрсе жоқ. Ананың алақаны – біз үшін ең жылы ұя. Түн ұйқысын төрт бөліп, шырылдасаң уатып, әлпештеп, жырын айтып, тісің шыққанша аузыңа тамақ салып, киіміңді тазалап, дәмді ас ішкізіп мәпелейді, еркелетеді, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп, бағып – қағады. Мен анама қанша алғыс айтсам да, өмір бойы қарыздармын. Себебі ол мені тоғыз ай, тоғыз күнде жүрегінің астында аман сақтап, жарық мына керемет өмірді сыйлады.
Нұрбол ЖҰМАСҚАЛИЕВ,
«Тобыл» футбол клубының спорт директоры:
– Менің анам Мәдина Иманғазиева қазір Орал қаласында әкем екеуі бірге тұрады. Өзім жұмыс бабымен Қостанайдамын. Дегенмен анаммен үнемі телефон арқылы байланысып, сөйлесіп тұрамыз. Қазір анам қаншалықты жырақта болса да, сағынышым соншалықты, бұл анасы бар әр адамға тән сезім шығар. Әкем мен анам екі ұлын, ағам Ербол мен мені мейілінше адал, мейірбан, иманды етіп тәрбиеледі. Олар бізді бөлмейтін, немерелерін де солай бағып-қағуда. Қазір екі ұлынан 8 немере сүйіп отырған бақытты ата-әже.
Анам біздің тәрбиемізге ерекше мән беріп, бастамаларымызға қолдау білдірді. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, адамдарға көмектесу туралы үнемі ақыл айтатын. Сол сөздері әлі күнге дейін санамнан өшкен емес. Қазір өзім де бала тәрбиелеп отырған әкемін. Бала кезімде ата- анамнан естігенімді ұл-қызыма айтып отырамын.
Айтулы дата қарсаңында, барша әйел қауымын төл мерекелерімен құттықтаймын. Әйел – әлемдегі ең ізгі жандар. Оларды аялау – мына біздің міндетіміз.