“Шебердің қолы ортақ” байқауына танымал оюшы, қолөнерші Шөптібай Байділдин қатысып жатыр. Белгілі тұлғаның өмірбаянын және еңбектерін кеңінен таныстыруды жөн көреміз.
Ол 1946 жылы 14 тамызда Қостанай облысы Жанкелді ауданы Айса Нұрманов атындағы ауылда туған. Алматы Жоғары партия мектебінің түлегі. Әкім, партия, совет, кәсіподақ, комсомол қызметкері болып еңбек еткен. Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында мұражай қызметкері және Ғылыми қызметкер болып жүріп, зейнетке шықты.Ағамыздың бір басына жететін атақ-абыройы мен жетістік-марапаттары ауыз толтырып айтарлықтай. Әлемдік Шыңғысхан Академиясының Құрметті академигі, Абылайхан атындағы Халықаралық конференцияның «Алтын медалінің» және «Қазына» сыйлығының екі мәрте иегері, Ыбырай Алтынсарин төс белгісімен, «Үздік өлкетанушы» төс белгісімен марапатталған. Арқалық қаласының Құрметті азаматы.Оюшылықпен, қолөнермен айналысқанына 40 жылдай уақыт болды. 3,5 мыңнан аса ою түрін ойлап тауып, қағазға түсірген. Ойюлары 1992 жылы Түркияда өткен Әлем жастары фестивальінде, 1996 жылы Америкада өткен Атланта Олимпиадасында қойылды. 1980 жылдан бері «Алтайдан Атырауға дейін», «Бойтұмар», «Қазына», «Шебердің қолы ортақ», «Оюшы», «Ұлттық оюды ардақтаған», «Ою ой, өрнек сал», «Оюмен ой айтқан елміз», «Оюмен ой түйген», т.б. көптеген телехабарларға түскен. «Евразия», «Хабар», «Қазақстан», «КТК», «СТВ», «31», «Алау», «Қостанай», «Арқа дидары» т.б. телеарналар оның оюларын кеңінен насихаттады. Көрмелері көрмесі Алматы, Тараз, Түркістан, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Жезқазған және Астана қаласында бірнеше рет халық назарына ұсынылған. 2009 жылы тұңғыш Президент мұражайында, 2015 жылы Ақтөбеде өткен Халықаралық көрмеде, 2017 жылы ЭКСПО-2017 де, 2018 жылы Ұлттық Әскери тарихи мұражайында көрмелер қойылды.Шөптібай Байділдиннің ұлттың ою-өрнегіне арналған бірнеше кітабы бар. «Қазақтың ою-өрнектері» атты тұңғыш кітабы Алматы қаласындағы «Өнер» баспасынан 2006 жылы 2000 данамен жарыққа шықты, Бұл еңбекке 350 ою енгізілген. «Ою ой, өрнек сал» атты екінші кітабы 2011 жылы 1000 данамен Екібастұз баспасында басылып шықты. «Оюмен ой айтқан елміз» атты 900 оюдан тұратын үшінші кітабы 5000 данамен Алматы қаласында «Ж.К. Тарпанбаев А.Ш.» баспасынан 2019 жылы жарық көрді. Бұдан соң 2011 жылы «Санаулы ғұмырымдағы саналы ойларым», «Мұхиттан өткен қайық» атты кітаптары, 2014 және 2017 жылы «Кейкі батыр» кітабы қалың оқырманға жол тартты. Соңғы кітаптың желісімен 16 сериялы «Кейкі мерген» атты көркем фильм түсірілгенін де айта кету керек. Ол аталған киноға кеңесші болды. Тағы да, 2022 жылы «Тарихымызды түгендейік» аталатын еңбегі басылып шықты.
2023 жылы “Қазақстан Республикасының үздік мәдениет қызметкері” атағын иеленген.