Ардақты аналар құрметке бөленді

Ардақты аналар құрметке бөленді

Арқалықта осындай атаумен 8 наурыз – Халықаралық аналар күні мерекесі қарсаңында көпбалалы және балалары әр салада жетістікке жеткен аналарға құрмет көрсетілді.

«Аналар кеңесі» және мәдениет сарайының ұйымдастыруымен өткізілген мерекелік іс-шараға қаланың әр мектебінен қонақтар шақырылды. Атап айтқанда №10 мектептің атынан Гүлжан Махметова, Ләззат Бөлебаева, А.Құнанбаев атындағы №6 мектеп-гимназиядан Асылай Қабылдина, №5 мектептен Кәмшәт Тоқсанбаева, Кейкі батыр атындағы №4 мектептен Гүлдана Сейдахметова, Ш.Уәлиханов атындағы №1 мектептен Жазира Бектұрсынова, «Раушан» бөбекжайынан Жәмила Нұрғалиқызы, Б.Майлин атындағы №3 мектептен Жазира Базарбаеваларға төрден орын берілді. Ардақты аналарға лайықты құрмет көрсетіліп, сый-сияпаттар тапсырылды.

Салтанатты шақта «АMANAT» партиясының атынан қалалық мәслихаттың депутаты Ақтоты Жанаралқызы құттықтау сөз сөйлеп, тағылымды кештің құрметті қонағы болған аяулы аналарға қала әкімінің «Алғыс хатын» табыс етті.

Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат МаратұлыАсыл аналарға деген мерекелік жылы лебізін жеткізді.

Көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған әсерлі шақ ән-жырмен де әспеттелді. Сахна төрінде кеш қонақтары өнерлі аналар балаларымен бірге ән шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына кенелді.

 

Мерекелік іс-шараны ұстаздардың ұстазы, қалалық «Аналар кеңесінің» төрайымы, Арқалық қаласының құрметті азаматы Бақытжамал Қалтаева қорытындылап, тәрбиелік тәлімі мол іске атсалысқандарға алғысын білдірді. Аналарға қалалық ардагерлер ұйымы атынан тәтті шай себеті, аналар кеңесінің мүшелері атынан ескерткіш сыйлықтар, гүл шоқтары тарту етілді.

«Біз бүгін аналар мейрамына орай қаламызда бір айтарлықтай, есте қаларлықтай тамаша, өте әсерлі кешті өткізіп отырмыз. Шақырылған қонақтарымыздың көпбалалы жас аналарымыздың арасында он баланы өмірге әкелген алтын құрсақты аналарымыз да бар. Өнегелі отбасылардың аналары, әжелері республикалық фестивальдің лауреаты Нұржайна Таубалды, қазақ күресінен АЗИЯ чемпионы Төлеу Асхат тәрізді талантты, дарынды балаларымен, немерелерімен бірге кешіміздің қадірменді қонағы болып, сый-құрметке бөленіп отыр», – дейді Аналар кеңесінің төрайымы Бақытжамал Аяғанқызы.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген автор

Жаңалықтармен бөлісу