Құрылыс саласы дегенде көз алдыңа ең бірінші келетіні – үлкен-үлкен техникалар мен еңбекші ерлер. Бірақ осы салада табысты жұмыс істеп жатқан әйелдер де аз емес. Мысалы, Ольга Ярошенко туралы айтсақ болады. Ол Қостанай облысы бойынша Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығында сынақ зертханасының материал бойынша сарапшысы болып еңбек етіп жүр. Аталмыш орталық жолдарды диагностикалаумен және тексерумен, жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптаумен айналысады.
Ольга Анатольевна бұл салада 20 жылға жуық уақыт жұмыс істеп келеді.
“Бұл салаға мен кездейсоқ келдім. Автомобиль көлігі колледжіне түсер кезде ЭЕМ операторы мамандығын таңдағаннан гөрі, анам автомобиль жолдары құрылысын таңдауға көндірді. Бірақ бұл қадамыма өкінген емеспін. Әр жұмыс күні қызыққа толы: жаңа ақпараттар естисің, өзіңді дамытасың. Жол – кең байтақ республикамыздың күретамыры. Бұл салада мен өзімді қажетті және елімізге үлкен пайда әкелетінімді сезінемін», – дейді Ольга.
Ол еңбекқор әрі тындырымды. Ұжымда сол қасиеттерімен беделге ие болды. Өз ісінің нағыз маманы. Қызметі елеусіз емес. Көптеген алғыс хаттарымен марапатталды. Жолшы – барлық уақытта қажет мамандық. Бұл – жанқиярлық еңбек, білімге деген ұмтылыс. Сондықтан Қостанай облысы бойынша жол активтері сапасының ұлттық орталығы жастарды қажетті және бәсекеге қабілетті қызмет саласын таңдауға шақырады.
Асыл Қасым