Қаладағы «Қайрат» спорт кешенінде жалауын желбіреткен жарысқа облыс әкімінің орынбасары, Тобыл-Торғай тарландары «Қазақ күресі» федерациясының президенті Ринат Мұхаметқалидың өзі қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бекболат Байжанов, «Тобыл-Торғай тарландары «Қазақ күресі» федерациясының директоры Ерік Қонақбайұлы қатысты.
Жарысқа облыстың 4 қаласы мен 10 ауданынан сайдың тасындай іріктелген 100 спортшы атсалысып 8 салмақ дәрежесінде сынға түсіп жатыр.
Чемпионаттың салтанатты ашылуында спортшылар шерулетіп сап түзеп, еліміздің Әнұраны ойнатылды. Ұлттық киіммен өнер көрсеткен өнерпаздар көпшіліктің қошеметіне бөленді. Биші қыздар би билеп, әсем ән әуеледі.
«Қостанай облысында қазақ күресі жақсы дамып келеді. Жақында жастар арасында өткен ел біріншілігінде Лисаков қаласының спортшысы Жәнібек Жұмағазин жеңімпаз атанды. Жасөспірімдер арасында Қостанай ауданының спортшылары Айдос Ерлан екінші орынға, Сұлтан Төлепов үшінші орынға ие болды. Ауыз толтырып айтарлықтай палуандарымыз Арқалық қаласында да көп. Айта кететін болсақ, былтыр Азия кубогінде осы жердің тумасы Асхат Төлеу қарсыластарының бәрін шаң қаптырды. Бұл жер палуандардың ұстаханасы. Мен де осы қалада өсіп, осы кілемде дайындалдым. «Қазақ күресінен спорт шебері» атандым. Жеке бапкерім Мұрат Ерменбаев, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Абай Сарыбаев, бапкерлер Азамат Ерәділов пен Сайлау Рыздықовтардың еңбектері зор», – дейді Қостанай ауданы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мылтықбай Абдуаитов.
Жарыстың бас төрешісі – Мереке Рыздықов. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер алда болатын Қазақстан Республикасының біріншілігінде облыс намысын қорғайтын болады.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы