“Тобыл” футбол клубы жаңа маусымдық құрамын таныстырды

“Тобыл” футбол клубы жаңа маусымдық құрамын таныстырды

Кешке жиналған жанкүйер қауым тамаша викториналық ойындардың куәсі болды.

Клубтың тарихы мен әр кезеңде жарқ еткен ойын өрнегімен көрінген футболшылардың алаңдағы сәттерін ой елегінен өткізіп, ұтыс сыйлықтарын иеленді.

Өнер жұлдыздары ортаны әуелеген ән мен күмбірлеген әсемге күйге бөлеп кештің сәнін көркейте түсті. Кешегі X Factor Kazakhstan жобасының жеңімпазы Ұлпан Жұмабек жанкүйерлерге “Құсни Қорлан” әнін орындап берді. Есімдері аталып таныстырылған жаңа ойыншыларды жанкүйерлер жақсы жағынан бағалап жатты.

“Жиырма жылдан бері “Тобылдың” жанкүйерімін. Бұған дейін талай қиын кезеңдері мен жеңістеріне куә болып келеміз. Биыл “Тобыл” жақсы. Ел чемпионы болады деп ойлаймын”, – дейді Болат Барсақбаев.

Алпысты алқымдаған жанкүйер немересі Нұрымды еріте келген екен. Жас болса да бала сайрап тұр екен. Әр сөзі түйеден түскендей. Футболдың жілігін шаққан кәнігі сарапшылардай айтар ойын шегелеп түсіндіреді.

“Биыл “Тобыл” үштікке кіруі керек. Жасаған трансферлері көңілімізден шығып тұр. Ахмед Эл-Мессауди деген ойыншы келе сала өзін жақсы жағынан көрсетіп келеді. Қазақстан чемпионатында да кубокта да командаға сәттілік тілеймін”, – дейді Нұрым Рауанұлы.

Ал кішкентай Санжар Тобыл қаласындағы Затоболец стадионындағы балалар футбол секциясына барады. Болашақта “Тобылдың” негізгі құрамына ілігуді армандайды.

“Баламның футболға деген талабы зор. КСК-дан жетісіне үш-төрт рет әдейі апарып тұрамыз. Арманына жетеді деп келемін”, – дейді Санжардың әкесі Данияр.

Жалпы “Тобыл” былтыр да жаман ойнаған жоқ. Алайда қазіргі құраммен әлеуетін салыстыруға келмейді. Дегенмен, ел кубогын иеленді, еуро кубок ойындарында жасындай жарқылдады, мойындау керек.

Сары-жасылдардың ежелгі жанкүйері Юрий Коломацкий бүгінгі бапкердің біліктілігіне осылай баға берді. Үстіне заманауи шапан жапты.

“Футбол нағыз командалық ойын. Осы мәселе туралы ойыншыларыммен жеке әңгіме құратын боламыз. Жалпы кеңес беріп отыру біздікілерге артықтық етпейді. Қолдау көрсетіп жатқандарыңызға көптен-көп рақмет, тура үш күннен кейін жаңа командамен кездесу өткіземіз. Қарсыласымыз ауқымды. Сіздерге тек жеңіс сыйлағымыз келеді”, – дейді “Тобылдың” бас бапкері Милич Чурчич.

Таныстырылған ойыншыларға жүргізушілер кезекті сауал қойып отырды. Руслан Валиуллин қазақ тілінде жауап қайырды.

Осы маусымда алты-жеті гол соғамын деп уәде етті. Ислам Чесноков ортаға шығып, аскездесу басында жанкүйерлерге таратылған билет бойынша ұтысқа тігілген плейстейшннің иесін анықтады.

Күтпеген тосынсыйға тап болған Саян жанкүйердің қуанышында шек жоқ. Команданың мультфильм кейіпкері бейнесіне еніп, қолдау көрсететін биылғы белгісі ерекше көңіл күйге бөледі.

Міне, команданың маусымашар таныстырылымы осындай керемет қызықтарға толы болды.

“Тобылдың” биылғы құрамы мынадай:

Қақпашылар

Сұлтан Бұсырманов – 12

Юрий Мелихов – 35

Стас Покатилов – 1

Қорғаушылар

Ермек Абдулла – 4

Роман Асранкулов – 3

Руслан Валиуллин – 19

Альберт Габараев – 15

Давид Домжени – 66

Тимур Жақыпов – 17

Иван Миладинович – 55

Папе Алиун Ндиайе – 5

Еркін Тапалов – 16

Жартылай қорғаушылар

Нұрғайни Бөрібаев – 23

Бейбіт Ғалым – 51

Жаслан Жұмашев – 7

Игорь Иванович – 10

Радослав Цонев – 21

Ислам Чесноков – 11

Евгений Шахов – 28

Ахмед Эл-Мессауди – 8

Давид Энен – 77

Эссьен Эдедем – 6

Шабуылшы

Годберг Купер – 90

Айбек ҒАЛЫМҰЛЫ

Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу