Көзі қарақты оқырман мақаламыздың тақырыбына қарап, нақақтан – нақақ жапа шегіп, қызыл террордың құрбанына айналған Бейімбетте “қандай бақыт болуы мүмкін?” деген ойға қалуы кәдік.
Айтайық. Өкінішке қарай, сонау отыз жетінің ойранында опат болған Алаш арыстарынан нәсіл қалмады. Сәкеннің балалары кішкентай күнінде шетінеп кетті. Илияс Жансүгіровтің соңынан Саят есімді жалғыз ұл ерді. Одан бүгінде ұрпақ бар ма, жоқ па, ол жағы бізге беймәлім. Ал, Бейімбет ұсталғанға дейін жары Гүлжамал екеуі бес баланы тәрбиелеп, өсірді. Биағаңның тұңғышы – Әукен. Ол да “халық жауының” баласы ретінде аз теперіш көрген жоқ. Қудаланды, істі болды. Ақыры айып батальонының сапында екінші дүниежүзілік соғысқа кіріп, 1943 жылы қаза тапқан. Одан кейінгі Рәзия, Мереке, Еділ, Гүлсімдерден туған немере-жиендерінің, шөбере-жиеншарларының көбі бүгінде Алматы, Астана, Қарағанды және Ұлытау облысының Жаңарқа ауданында тұрып жатыр. Олардан тараған ұрпақтар да бірқауым елге айналған. Бүгінде жазушының нәсілдері Би-ағаң есіміне кір жұқтырмай келеді. Бейімбеттің бақыты деуіміздің сыры осында.
Суретте: Бейімбет Майлиннің ұрпақтары: бірінші қатарда (солдан оңға қарай): Бейімбеттің зайыбы Гүлжамал, шетте отырған қызы Рәзия (Роза), ортадағы Әбілқасым, екінші қатарда (солдан оңға қарай): ұлдары Мереке, Еділ, ортадағы күйеу баласы Қадыр, жанындағы қызы Гүлсім.
Әлқисса, халқының болашағы үшін күрескен Алаш қайраткерлері түгел ату жазасына кесілді, әйелдері концлагерьге қамалып, балалары жетімдіктің ащы дәмін тартты. Қазақ қара сөзінің Һас шебері Бейімбет Майлиннің отбасына да солақай саясаттың зардабын тиді Тұтқындалды, қудалау мен аштыққа тап болды. Сол бір зұлмат жылдар туралы Би-ағаңның қызы Рәзия Бейімбетқызы былай деп еске алады: ” Мен Әкемнің тәрбиесінде он екі жасқа дейін болдым. Қарапайым еді. Үйден кісі арылмайтын. Әсіресе, Сәкен мен Ілияс ағаларды жиі көретінмін. Үшеуі кабинеттен шықпайтын. Сәкен қайтар кезде “машина шақырайын” дегенде, қалған екеуі “жаяу-ақ барайық, жолай әңгімелесеміз”,- дейтін. Осының өзінен бір-бірін қатты құрметтейтіндіктері байқалатын. Әлі күнге көз алдымда. Үшеуі жұптарын жазбай кетіп бара жатады… Қандай жарасымды еді. Әкем көп жазатын. Жұмыс кабинетінен шықпайтын. Қашан көрсем де жазады да отырады. Бір күні түн ортасында оянсам жазу үстеліне төніп, қолынан қаламы түспей отыр.
– Папа, демалмайсыз ба? Не жазып отырсыз? – дедім.
– Қалқам (мені осылай атайтын), бұл жұмысты тезірек бітіруім керек. Мәскеуге барғанда орыстың атақты жазушысы Максим Горькиймен кездескенмін. Сонда ол әңгіме арасында “Қазақтың арасында батыр жігіттер болды ма?”– деп сұрап еді. Мен Аманкелді Иманов жөнінде айттым. “Онда оны халыққа кеңірек таныту керек” дегендей ой айтты. Аманкелді туралы біраз деректер таптым. Соларды қағазға түсіріп отырғаным ғой. Таяуда Аманкелді туралы кино шығады…
Әкем айтқандай, кейін Аманкелді туралы фильм түсіріліп бітті. 1937 жылғы қазанның бесі… Үйде үшеуміз ғана. Ағам Әукен, мен, інім Мереке. Дүкенге барғанмын. Сыртқы қабырғасында афиша ілулі тұр: “Ертең “Аманкелді” фильмі көрсетіледі. Сценарий авторы Бейімбет Майлин” деп жазылған. Қуанып, үйге жүгіріп келіп Әукен мен Мерекеге айтып жатырмын. “Папамның киносы шықты” деп мәзбіз. Ертеңіне, қазанның алтысы күні таңертең әкем келді үйге. Жүдеп кетіпті. Сақал-мұрты өскен. Мені құшақтап оқуымның жағдайын сұрады.
– Қалқам, мен шаршап келдім, – деді. – Демалайын. Жақсылап бір ұйықтайын.
– Демалаңыз, папа. Мен ешқайда бармаймын. Үйде боламын, – дедім.
Әукен мен Мереке есік алдына шығып кетті. Біздің үйдегі дағды – жазда саяжайда боламыз. Оқу басталар алдында ғана үйге қайтатынбыз. Шешем осы уақытта баламен саяжайда еді. Кешке жақын есіктегі қоңырау маза бермеді. Барып есік аштым. Еңгезердей екі орыс тұр. Шамамен қырықтың үстіндегілер. Менің “үйде жоқ”, – дегеніме қарамастан, итеріп жібері, шырт ұйқыда жатқан әкемді оятып, қолын көтертіп қойды. Үйді асты-үстіне төңкеріп, тінтті.
Әкем дүние-мүлік жинамаған адам. Ақшаны кассаға салатын. “Балаларым өсіп келе жатыр, оқытам”, – дейтін.
“Үш күннен кейін папаңды үйге қайтарамыз, – деді де әлгілер жүк машинасын шақыртып, кітаптарды, қолжазбаларды тиеп алып кетті. Әкем кетерде бізбен қош айтысты. Әукенге айтқаны: “Сен баланың үлкенісің. Алдымен анаңды күт. Екінші мына бауырларыңа қамқор бол” деді. Басқамызға қарап: “Сендерден сұрайтыным бір-ақ нәрсе. Оқыңдар, оқыңдар, оқыңдар” деді үш рет қайталап. Сол жерде ботадай боздап қала бердік…” (бейімбеттанушы Серікқали Бәйменшенің жазбасынан).
Бейімбет сол кеткеннен мол кетті. Кейін жарымен кездесуге барған Гүлжамал жазушының сұр жадағай пальтосын құшақтап келеді. Ол кезде Рәзия он екіде, Мереке он бірде, Еділ алтыда, кішкентай Гүлсім екі жаста ғана еді. Осылайша, айрандай ұйып отырған отбасының бір-ақ күнде астан-кестеңі шығады. Ұлтының қамын ойлап, сауатсыздықты толық жою керек деп ұрандатқан Би аға бір кеште “Халық жауына” айналды. Жары Гүлжамал бес баламен тұрып жатқан пәтерлерінен далаға қуылды. Олар Ілияс Жансүгіровтың әйелі Фатимамен екі бөлмелі ескі баспананы бірге паналаған. Ішерге ас, киерге киім таппай, қос отбасы қатты қиналады. Бірақ, бұл – азапты күндердің тек басы ғана-тын. Көп ұзамай әйгілі үштіктің адамдары Гүлжамал Майлинаның қолына кісен салып, КарЛаг-қа айдайды. Екі жастағы Гүлсімді балалар үйіне алып кетеді.
“Тетя Юля деген көршілері “Сендерді балалар үйіне жіберейін деп жатыр” деп айтқан. Сонда Рәзия бастығына дейін кіріп, ағатайлап, “Әкеміз бен шешеміз жоқ, біз үшеуміз бірге болуымыз керек” деп жылапты. Ал екі жасар сәби басқа жаққа жіберілді”,– дейді Би-ағаңның жиені Дәметер Сейітжанова.
Дәметер апай жұбайы Талапкермен бірге
Б.Майлиннің 125 жылдық тойына арналған мүшәйра төрінде
Жазушының ұрпақтарына балалар үйінде де тыныштық бермеген. Барлығы “халық жауының перзенттері” деп саусақтарын шұқшитады. Соңыра одан да қуылады. Алайда, қазақтың қайсар ұлы Бейімбеттің балалары да мойымады, жасымады. Рәзия Мәскеуге хат жазып, әкесінің адалдығын дәлелдеуге тырысты. Қарағандыдағы концлагерьге барып, анасын іздеді. 1943-те арманы орындалып, шешесі Гүлжамал Майлинамен қауышты. Сол жылы Би-ағаңның үлкен ұлы – Әукен соғыста көз жұмады. Ал кіші қызы – Гүлсім жанұясының тірі екенін білмей өскен. Рәзия Бейімбетқызы кеңес үкіметіндегі барлық балалар үйіне хат жазып, оны бірнеше жыл бойы іздейді. Ақыры тапқан. Сарқант балалар үйінен “Бізде Майлина Галина Бейімбетовна бар” деген хат келеді. Ол осы Гүлсім еді.
Бүгінде Бейімбет Майлиннің немерелері мен шөберелері, жиендері мен жиеншарлары, олардан өрбіген ұрпағы еліміздің бірқатар өңірінде тұрып жатыр. Олар білім, медицина, журналистика мен кино саласында еңбектеніп жүр. Рәзия Бейімбетқызы жаңарқалық Әбілқасым есімді азаматқа тұрмысқа шығып, екеуі сегіз бала тәрбиелеп өсірді. Мерекеден Болат, Нағимиа есімді ұл мен қыз қалған. Болат Қарағанды қаласында тұрады. Ал Нағима Ресейдің Новосибирск қаласында түтін түтетіп отыр. Болаттан Сергей, Булат есімді екі ұл, Татьяна есімді бір қыз бар. Орыстан әйел алған Еділдің соңынан үш қыз ерді. Ал, Би-ағаңның кенжесі Гүлсімнен бір ұл, бір қыз туған. Шұғадан үш ұл, Арманнан алты қыз қалды.
Рәзияның бір баласы -– Әбүйір алты бала тәрбиелеп өсірген. Үлкені – Салтанат Алматыдағы Б.Майлин қорын басқарады. Телефон арқылы сөйлескенде Салтанат Әбүйірқызы Биағаңның 130 жылдығы қарсаңында қолға алған жұмыстарымен таныстырды. “Атамыздың мерейтойына орай Алматыдағы өзі атындағы көшенің бойына жазушының ескерткішін қоймақпыз. Сосын бірқатар кітаптарын шығаруды жоспарлап отырмыз. Бәрі қаржыға кеп тіреледі емес пе. Әттеген-айы, қорға осы күнге дейін ешкім көк тиын да салған емес. Бәрін туысқандары – өзіміз көтереміз. Талай рет демеуші іздедік. Еш қайран болмады. Бәлкім, мемлекет қол ұшын созар,-дейді қор жетекшісі.
Айтпақшы, жақында Бейімбеттің жиеншары, Рәзиядан туған – Дәметер Әбілқасымқызы 74 жасында дүниеден озды. Көзі тірісінде Биағаңның жоғын жоқтаған, жазушының мерейтойларынан қалмай, қолынан келгенше жәрдемін аямаған осы Дәметер апамыз еді. Иман байлығын берсін! Бұл кісі өмірінің соңына дейін Петропавл қаласында тұрды. Қайрат есімді бір ұлы осыдан төрт жыл бұрын қапыда көз жұмды. Бибігүл, Талғат есімді балалары сонда мекендейді
–Дәметер апамыз пойызбен әрлі-берлі өткенде үйге соғып тұратын. Кейде перрон басында жолығысамыз. Би-атамыздың мұраларын түгендеп жүрген кісі ғой. Осыдан төрт-бес жыл бұрын жақсы бір қызметте істейтін Қайрат деген баласы кенеттен көз жұмды. Дәмен апамыз соның қайғысын көтере алмады, – дейді Мейрамбек Бақбергенов.
Бұл азамат Тобыл стансасында тұрады. Үйлі-баранды. Арғы атасы Бақберген Жармағамбетпен бірге туған. Бақбергеннен-Қалихан, одан Қуанышбек, Қуаныш атты екі ұл тарайды. Қуанышбек -1942 жылғы, ал Қуаныш 1946 жылғы. Мейрамбек Қуанышбектің баласы. Мейрамбек бізге мына бір қызық деректі айтып берді: Биағаңның үлкен қызы Рәзия апамыздың туған келіні – Бақытжамал жазушының немере қарындасы көрінеді. Яғни, Қуанышбекпен бірге туады. “Бірақ, олар бізді құда демейді. Әлі күнге нағашылы-жиенді болып араласып тұрамыз”,-дейді Мейрамбек.
Айтуынша, Майлы ұрпақтарының бәрі Жалшыда туып-өскен. Сонда тұрған. Әкесі Қуанышбек 1972 жылы Тобыл стансасына қоныс аударыпты. Ал, әкесінің інісі – Қуаныш Рудныйда тұрады. “Әкем марқұм көп сөйлемейтін. Өмір бойы мал соңында жүрді. Әжем Мүгілсімнің айтуынша, әкем де талай қорлықты басынан кешіпті. Бір үзім нанға зар болған кездері болған. Ауыл-үйді аралап, нан сұрайды екен, Тапқан бір тілім нанын інісі екеуі бөліп жейтін көрінеді. Бертінге дейін үйге ғалымдар, жазушылар келіп, “Би-ағанның қолжазбалары қалған жоқ па?” деп сұрайтын. “Ештеңе көрген жоқпын, білмеймін”,-деп тіс жармай өтіпті, жарықтық.
Міне, Бейімбет Майлин ұрпақтарының біз білетін тарихы осындай.
Әлібек ЫБЫРАЙ