Қостанайда аутизм балаларға арналған орталық ашылды

Қостанайда аутизм балаларға арналған орталық ашылды

Екі жүз бала қабылдауға арналған орталық “Самұрық-Қазына”АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторының қаржылай қолдауымен іске қосылды.

“Көктемнің алғашқы мерекесі “Алғыс айту” күнінің қарсаңында облыста осы орталықты ашу бастамасы қолдау тапты. Қала орталығында жеке тұрған ғимарат таңдалды, оның ауданы 2355 шаршы метрді құрайды. Бұл республикадағы ең үлкен орталықтардың бірі. Қайта құруды жүргізу үшін облыстық бюджеттен 700 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді, штат білікті мамандармен жасақталды. Бұл жерде жүзден астам маман жұмыс істейтін болады. Жалпы өңірімізде аутизм диагонызы анықталған төрт жүзге жуық бала болса, соның екі жүзден астамы Қостанай қаласында тұрып жатыр. Сол себепті ауылдық жерлерде де осындай орталық бөлімдерін ашуға сұраныс бар. Алдағы уақытта әр аудан орталығынан ашамыз деген жоспарымыз бар”, – деді облыс әкімі Қ.Ақсақалов.

Мұнда 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балалардың ата-аналарына да көмек көрсетіледі. Түрлі терапия кабинеттері, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау, психолог және дефектолог кабинеттері жұмыс істейді. 50 бала орталыққа барып, арнайы әлеуметтік қызметтер ала бастады.

Жаңа орталықта оқыту бағдарламалары, әртүрлі терапия және оңалту әдістері бар. Мекеменің толыққанды жұмыс істеуіне қаражат бөлінді, көлік құралдары сатып алынды.

“Бұл мекеме балаларға әлеуметтенуге, өздерінің ерекше қабілеттері мен таланттарын дамытуға, білікті көмек алуға мүмкіндік береді. Балаларға ғана емес, олардың ата-аналарына да Балаларды дамыту мен тәрбиелеудің әртүрлі мәселелері бойынша қызметтер көрсетілетінін атап өткен жөн.Бұған дейін Қордың қолдауымен Рудныйда нейро-ортопедиялық бұзылыстары бар балаларға арналған оңалту орталығы ашылды, оған жыл сайын 600 ерекше бала барады. Бұл орталықтар ерекше баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар үшін өте маңызды”, – деп атап өтті “Самұрық-Қазына”АҚ Корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев 

 

Жаңалықтармен бөлісу