Арқалықтағы білім ордасы қанатын кеңге жайды

Арқалықтағы білім ордасы қанатын кеңге жайды

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының «Педагогика және психологиялық білім беру бағдарламасы»аясында төрт бірдей ғылыми орталық өз жұмысын бастады. Олар: «Қазына» этнопедагогика және этнопсихология орталығы, «Педагогикалық шеберлік орталығы», «Инклюзивті білім беру орталығы», «Психологиялық диогностика және кеңес беру орталығы».

Іргелі оқу орнының «Қазына»  этнопедагогика және этнопсихология орталығының салтанатты ашылуына біз де куә болған едік.

 Іс-шараға институт доценті, ұзақ жылдар бойы этнопедагогика пәнінен дәріс беріп, мыңдаған түлектің ыстық ықыласына бөленген зейнеткер-ұстаз Пернекүл Ахметова, институттың профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты.

Білім ордасының ғылыми инфрақұрылымын кеңейтіп, білім алушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына деген қызығушылықтарын арттыру және этномәдени-танымдық ізденістер жасау мақсатында ашылып отырған орталықтың жұмыс ережесі, алдағы жоспарлары жайлыорталық жетекшісі Зәуре Ғалымжанова кеңінен әңгімелеп, түп-тұқиянына дейін таныстырып шықты.

«Халықтық педагогиканың арнасы кең. Сан ғасырлардан бүгінгі күнге дейін жалғасқан салт-дәстүр, ырымдар мен тыйымдар, жоралғы, ғұрыптардың барлығын ғылыми негіздемеге салғанда,ауқымы кеңейіп, танымдық қызығушылықты арттырады. Міне, осы ұғымдар мен түсініктерді саралай келе, ата-бабадан жалғасқан алтын арқауды үзіп алмауды мұрат тұтып,өркениетке ұмтылған жас ұрпақтың ұлттық құндылықтан нәр алуын көздедік. Бүгінгі ашылғалы отырған «Қазына» этнопедагогика және этнопсихология орталығында білімгерлер халықтық педагогика негізінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қоғам мүшелері этномәдени-танымдық көзқарастарын жетілдіретін арнайы құрылым болмақ», – деп атап өтті Зәуре Тойшыбекқызы.

Ғылыми бағытты жандандыру мақсатында осындай ілкімді бастаманы көтерген және мүмкіндік жасаған институт ректоры Ержан Әмірбекұлына ризашылықтарын білдірді. Орталықтың ресми түрде ашылғанын ардагер ұстазы Пернекүл Әлімқызы қазақы дәстүрмен шашу шашып айқындап, жастарға батасын берді. Институттың ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Жанар Байсейітова құттықтау сөз сөйледі.

Қасиетті қара шаңырақта тағылым мен тәрбиеге толы халық педагогикасымен сусындатар арнайы орталықтың ашылуы үлкен жетістік. Тілі басқа болғанмен тілегі бір, институт қабырғасында білім алып жүрген талантты жастар:шешен, ұйғыр, өзбек ұлттарының өкілдері әрқайсысы өз тілдерінде құттықтады.

«Бұл орталықты тек институт студентеріне ғана емес, осы аймақтағы этнопедагогика және этнопсихологияға қатысты үлкен орталыққа айналдырсақ деген ойымыз бар. Институтымызға қазақстанның түкпір – түкпірінен келіп қаншама ұлттың өкілдері оқып жатыр. Қазақстанда тұратын басқа ұлттардың да тыныс-тіршілігін, олардың этнографиясымен, менталитетімен танысып, ұлттардың арасындағы бірлікті, ынтымақты насихаттап, болашақта бүкіл аймаққа белгілі ордаға айналатынына сенеміз», – деді орталықтың ашылуына арнайы қонақ болып, жылы лебізін білдірген институт профессоры, ақтаңгер ақын Айбек Қалиев.

Алдағы уақытта орталық қаланың мәдени-ағарту ошақтарымен ынтымақтастық бағытта жұмыс жүргізбек.  Сондай-ақ, бізге институттың «Инклюзивті білім беру» орталығымен де танысып шығудың сәті түсті.

   «Инклюзивті білім беру қазіргі күні біздің қоғамымызда үлкен сұранысқа ие болып келеді. Білім беру жүйесінде зор талап қойылып отырған білім үрдісі. Біз бірнеше бағытта жұмыс жасаймыз. Мүмкіндігі шектеулі балалар немесе білім алуда ерекше қажеттілігі бар балаларға коррекциялық түзеу, дамытушылық жұмыстарын жүргіземіз. Олардың ата-аналарына сүйемелдеу, кеңес беру жұмыстары жүргізіледі. Бізде оқитын, педагогика-псхология білім бағдарламасында білім алатын студенттердің тәжірибелерін практикалық түрде осы «Инклюзивті білім беру орталығында» жүргізу қарастырылған. Оның сыртында өңіріміздегі: Арқалық қаласы, Аманкелді, Жанкелдин аудандарындағы мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсетеміз», – дейді орталық жетекшісі Гүлім Мүсірова.

Еске сала кетсек, үлгілі білім ордасының ұжымы иниститутты университетке айналдыруға күш салуда.

 

 

 Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

                                                                                                               Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу