Еріктілер қар аршу жұмысына жәрдемдесті

Еріктілер қар аршу жұмысына жәрдемдесті

Қостанай облысында “Қарлы десант” акциясын ұйымдастыру дәстүрге айналған. Биыл да облыстық жастар ресурстық орталығының еріктілері көмекке асықты. Мүмкіндігі шектеулі, қарт адамдардың ауласын қардан тазалауға атсалысып жатыр.

Күннің аяздығына қарамастан, орталық еріктілері Айжан Қаскеноваға көмекке келді.

Ол кісі жер үйде тұрады. Он жыл бұрын инсульт алып, қазір арбаға таңылып отыр. Еріктілерге алғысын білдірді.

            “Бұрын інім көмектесетін, қазір ол да науқас. Өзім болсам, қар аршымақ түгелі, есік алдына шығатын мүмкіндігім жоқ. Еріктілер алғашқы рет келіп отыр. Орталықтан өздері хабарласқан соң қарсылық танытпадым. Бәрібір өз еркіммен қарды арши алмайтыным белгілі. Еріктілерге алғыстан басқа айтарым жоқ”, – дейді тұрғын Айжан Қаскенова.

 

Бұл ауланың қарын тазартуға оншақты ерікті жұмылдырылған. Орталықтың басқа еріктілері де өзге үйдің қарын ашып жатыр. Жастар ресурстық орталығы директорның айтуынша,  облыс көлемінде шамамен 500 үйдің қарын аршу жұмыстары жүргізіледі.

            “Бұл игі істі жыл сайын өткізіп тұрамыз. Акция қаңтар айында бастау алған еді. Қалада зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар тұратынын білеміз. Ол кісілерге өздігімен қар аршу қиынға соғады. Сол себепті көздегеніміз де еріктілердің көмегімен жұмысты атқарып беру”, – дейді ЖРО директоры Абай Дүйсеков.

Гүлайым Нәби қаладағы жоғарғы оқу орнының студенті. Оның ерікті қатарына қосылғанына бір жыл болған. Ауылдық жерден келген соң, қар аршу жұмысы қиынға соқпайды дейді.

            “Орталықтың еріктісі ретінде түрлі іс-шараларға қатысып жүрмін. Осы жолы қарт кісілерге жәрдемдесуге келдік. Ерікті болған өзіме ұнайды. Елдің батасын алып, ықыласына бөленген адам жаман болмайды. Ең бастысы, кең пейілді, ісіңе адал болсаң жеткілікті”, – дейді жас ерікті.

Айта кетейік, Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев қысқы сенбілік ұйымдастыруды тапсырған болатын. Облыс орталығында су басу қаупі төніп тұрған үйлер бар. Дереу ауланы қардан тазартпаса болмайды.

Сол себепті шаһар басшысы тұрғындарды қысқы сенбілікке шығуға шақырған болатын. Аршылған қарды полигонға төгу мердігер ұйымдарға жүктелген. Тек тұрғындар қарды өз ауласынан тысқары шығарып қойса болғаны.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу