Шытырманға толы Шилі бөгеті

Шытырманға толы Шилі бөгеті

Жанкелдин ауданының Шилі ауылындағы бөгет құрылысына қатысты басталған сот әлі жалғасуда. Айта кетейік, Қостанай қалалық №2 сотында Жанкелдин аудандық ТКШ бөлімінің бұрынғы басшысы Талғат Әміров, «Energy Constrution-2020» ЖШС директоры Берік Дүйсембаев және «Құрылыста Экспертиза» ЖШС сарапшысы Ғабит Алинге ҚР ҚК 189-бабы, 4-тармағының 2-тармақшасы бойынша айып тағылған.Тергеу кезінде сараптамалар жүргізген мамандармен қатар, осы қылмыстық істі бастап, жедел есепке қойған Қостанай облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел уәкілі Ерлан Уәлиев куәгер ретінде сот алдында жауап берді. Осы жайында қысқаша таратуды жөн көрдік.
Ерлан Уәлиев: «2020 жылы Жанкелдин ауданының Шилі ауылында бөгет құрылысы кезінде қаржы ұрланды деген жедел ақпарат алдық. Содан кейін бірнеше рет сол жаққа барып келдім. Деректің нақты екенін анықтадым да жедел есепке алу ісін қозғадым. Құжатта көрсетілген сома мен құрылыс жұмысы қабыспайды. Маман сараптама жүргізді. Материал ақпараттық есепке алу кітабына тіркелді. Аталған материал бойынша тергеу басқармасының қызметкерлері қылмыстық іс қозғады».
Құрылыс жұмыстарының сапалы-сапасыз орындалғанын анықтау үшін жедел уәкіл осы саланы білетін жеке кәсіпкер Тілеубаев пен Күнбасовқа жүгініпті. Қолдарына ұзындық өлшеуіш құрал, лом, күрек алып, бөгеттегі бетон жабындыларды ұрып, бір шақырымнан асатын тоғанның әр жерін қазып, жұмыстың қаншалықты сапалы орындалғанын тексерген. Сараптама қорытындысы жасалады.   Осы соттың алғашқы күндерінен жиі айтылған тіркес – «техникалық кеңестің хаттамасы». Прокурор Диас Нұрғалиев жауап берушіден 2022 жылғы 14 шілдедегі техникалық кеңестің хаттамасында қойылған қолға қатысты не білетінін сұрады. Уәлиевтің сөзінше тергеу кезінде айыпталушылардың бірі – Дүйсембаев құзырлы орган қызметімен ымыраға келген. Дүйсембаев пен Алин МАРТ сауда орталығы жанынан Әл-Фараби бойындағы пәтерде күтіп отырған Әміровке соғады. Үшеуі көлікке отырып, әуежайға барады. Онда оларды авторлық қадағалау маманы күтіп отырған. Осы уақытта Әміров құрылыс жұмыстарына қатысты ТКШ бөлімінің бұрынғы басшысы Байділдиннің (2020 жылы тамыз айында қайтыс болған) қолы қойылған құжатты қайта жасау керек дейді. Осы жұмысты Дүйсембаевқа жүктеген. Әміров үйінде құжаттарды дайындап алып, әкімдікке келіп, ескі мөрді қояды. Байділдиннің қолы бар түпнұсқа құжат пен қолдан жасалған құжатты Дүйсембаевқа ұстатып, дәл Байділдиннің қолындай қылып қол қой деп тапсырма беріпті.

«Дүйсембаев мөрі бар, қол қойылмаған құжатты маған алып келіп, «мынаны не істесем екен» деді. Ал мен оған «өзің біл» дедім. Ол құжатты алып қайтадан кетті. Мен оған қол қой деп мәжбүрлеген жоқпын», – деді Уәлиев жауап сөзінде.

Уәлиевтің соттағы «мен оған қол қой деп мәжбүрлеген жоқпын» деген осы сөздері мен сотқа дейінгі тергеу барысында тергеуші Борисенкоға берген жауабы қабыспай шықты: «Алин мен Әміровті әшкерелеу үшін Дүйсембаевқа Жанкелдин аудандық ТКШ бұрынғы басшысы Байділдиннің қолын қоюға мен өзім тапсырма бердім» делінген тергеу кезінде. Себебі, авторлық қадағалаудың қолы болмағасын, хаттама ресми емес әрі жарамсыз. Яғни, жедел уәкіл Уәлиев айыпталушы Дүйсембаевты қол қоюға мәжбүрлеген бе, оны сот айрықша назарға алады деп сенеміз. Өйткені, сот процесі барысында Уәлиев осы екі жауапқа қатысты нақты ештеңе айта алған жоқ.
Тағы бір мәселе, бұған дейін жазғанымыздай, адвокат Сүйінішовтің ту бастағы наразылығы – Уәлиевтің қазақ тілінде емес, орыс тілінде рапорт жасауы. Бұл ҚР «Тіл туралы» Заңын өрескел бұзу. Судья Сатыбалды Оразбай куәгерден осыған қатысты жауап беруін сұраған еді.

Уәлиев: – Құрылысқа қатысты барлық құжаттар, сараптамалар орыс тілінде дайындалғандықтан, іс те сол тілде өтті, бірақ қылмыстық іс сотқа дейінгі бірыңғай тергеу реестріне тіркелген кезде материал қазақ және орыс тілдерінде жүргізілді.
Судья: –  Сіз жедел есепке алу ісін қозғап, рапортты тергеуге бердіңіз, ал тергеуге қатысты мәліметті қайдан білесіз?

Уәлиев: –  Артынан мен оны тергеушіден көрдім.

Судья: – Сіз өз жұмысымды аяқтап, тергеуге бердім дедіңіз ғой. Сонда тергеушіден осы жайында сұрап, қызуғушылық танытқаныңыз ба?..

Қорғаушы О.Бранцев жедел уәкіл Е.Уәлиевтің берген жауабына қатысты судьяға ұсынымхат әзірлейтін болды. Тағы бір ескерер жайт, Шилідегі бөгеттің сапасын тексерген эксперт Тілеубаевтың сараптама қорытындысын жасау кезінде лицензиясы тоқтатылған болып шықты.
Жалпы, тілші ретінде осы қатарлы талай процестердің куәгері ретінде бізді мазалайтын бір сұрақ бар: Айыптау материалдарына сәйкес, бөгет құрылысының орындалуында миллиондаған қаржы қолды болды. Ал ТКШ бөлімі басшысы лауазымына келгеніне екі ай ғана болған Талғат Әміров осы жұмыстың аяқталғаны жөніндегі актіге қол қойған. Бірақ, біздің практикамызда мұндай айыптаудың санкциясы қолына кісен салу емес, үйқамақ немесе ешқайда кетпеу туралы қолхат еді.

Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ

Жаңалықтармен бөлісу