Азаматтардың конституциялық құқықтарын іске асырудағы кепілдік берілген заң көмегін алу Әділет Министрлігіне жүктелген. Ал аумақтық әділет органдары заң көмегін көрсету сапасын бақылауды жүзеге асырады.
«Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңның 26-бабына сәйкес құқықтық кеңес беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі әлеуметтік осал санатқа жататын адамдарға көрсетіледі. Бұл көмекті білікті адвокатқа немесе заң кеңесшісіне жүгіну қажет мәселелерге тап болған зейнеткерлер де ала алады. Аталған санаттағы азаматтар адвокаттар алқасынан немесе заң консультанттары палаталарынан, облыстың барлық өңірлерінде тегін заң кеңесін ала алады. Біздің облыста халықты білікті заң көмегімен қамтитын 278 адвокат, 512 заң кеңесшісі бар.
Біз, әділет органдары, заң қоғамдастығымен бірлесіп, азаматтарға тегін заң көмегін алу мүмкіндігі туралы үнемі түсіндіріп отырамыз. Нәтижесінде облыс азаматтары кеңес алуға және өздерінің конституциялық құқықтарын пайдалануға көбірек жүгіне бастағанын сенімді түрде атап өтуге болады.
Былтыр Мемлекет кепілдік берген заң көмегін алған тұлғалар саны 14 555 адамды құрады. 5106 азаматқа берілген құқықтық кеңестерден бөлек, 9034 тұлға қылмыстық істер бойынша, 55 адам азаматтық істер бойынша, 360 азамат әкімшілік істер бойынша кеңестерін алды.
Атқарушылық іс жүргізуді 88 жеке сот орындаушысы және 17 мемлекеттік сот орындаушысы жүзеге асырып келеді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша облыстың сот орындаушылары жалпы сомасы 206 млрд теңгені құрайтын 246 501 атқарушылық құжатты тіркеді.
Облыс аумағында алимент өндіріп алу бойынша 3 арнайы кеңсе жұмыс істейді (Рудный қаласында және екеуі Қостанай қаласында). Былтыр бұл бағытта 19 257 өндіріс орындалып, 1 687 атқарушылық өндіріс бойынша 1 451 191 532 теңге мөлшерінде берешек анықталды. Оның 298-ы проблемалық жағдайда болып шықты. Өткен жылы осы санаттағы 3 293 өндіріс аяқталды.
Алимент бойынша берешекті азайту мақсатында борышкерлерді әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Мәселен, 2023 жылы «әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 669-бабының 1-бөлігінде көрсетілгендей, 228 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 145-і қамауға алынды, 83-іне айыппұл салынды. Бұл жасалған шаралар оң нәтижесін көрсетті.
Мәселен, Ж.Т. Хамзина ЖСО-ның орындауында кәмелетке толмаған баланы асырап-бағу үшін азамат М.-дан азамат П.-ның пайдасына алимент өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізілді. Борышкердің 1 797 362 теңге мөлшерінде берешегі болған. Алимент бойынша берешек әкімшілік жауапкершілікке тартылмау мақсатында толық көлемде өтелді.
Сонымен қатар, ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабында көрсетілгендей, борышкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша қатаң құқықтық шаралар қабылданады.
Мысалы, К.азаматтан алимент өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкер ҚР ҚК 139-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып (берешегі 4 011 125 теңге), 300 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылды.
Жылдан-жылға алимент өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындамаудың негізгі себептері – борышкерлерде тұрақты жұмыс орнының болмауы, табысының жасырылуы немесе азаюы, тұрғылықты жерінің жоқтығы.
Істердің осы санатындағы борышкерлерді жұмысқа орналастыру мақсатында 42 бос орындар жәрмеңкесі өткізілді, онда 173 борышкер жұмысқа орналастырылды, сондай-ақ, әлі күнге дейін жұмыссыздарды кадрлық ұтқырлық орталықтарына есепке қою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Әлия АМАНЖОЛОВА,
Қостанай облысы Әділет департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес мүшесі.