Өткен жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы жаңа экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын белгіледі. 2024 жылдың 7-ақпанында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қ.Тоқаев күн тәртібінде тұрған он экономикалық өзекті міндетке баса назар аударды. Президенттің тапсырмаларын орындау шеңберінде өткен алқалы жиында облыс әкімінің орынбасары Ерлан Спанов өңірдің экономикалық көрсеткіштеріне айрықша тоқталды.
“Өткен жылдың қорытындысы бойынша біз барлық салада оң динамиканы сақтай алдық. Тек, қолайсыз ауа райы жағдайларына байланысты ауыл шаруашылығында экономиканың нақты өсуі 2,0% – тен төмен болады. Ал өңдеу өнеркәсібінің өсімі 11,1% – ға ұлғайды. Тартылған инвестиция көлемі 9,0%-ке, құрылыс жұмыстары 23,2% – ға, тұрғын үйді пайдалануға беру 5,7% – ға, көлік қызметтері 5,5% – ға өсті. Мемлекет басшысы ел алдына 2029 жылға қарай экономиканы 450 млрд долларға дейін ұлғайту мақсатын қойды. Ол үшін елдің жалпы ішкі өнім жыл сайын кем дегенде 6,0% деңгейінде өсуі тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін қосымша өсім резервтерін, оның ішінде машина жасау мен тамақ өнімдерін өндірудегі өндіріс көлемін ұлғайта отырып, өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамыту қажет. Сондай-ақ, тау-кен металлургия кешенін жаңғыртуға баса назар аударуымыз керек”, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Оның айтуынша, жоспарланған инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бюджетті жыл сайын 135,0 млрд теңгеге толықтырып, 20 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұл ретте 2028 жылға қарай жалақы 1,8 есеге, ал ЖӨӨ 2,1 есеге ұлғаймақ. Мұның бәрі сайып келгенде, Президент қойған міндеттерді шешуге әсер етуі тиіс.
Ерлан Спанов мемлекет басшысы белгілеген он тапсырманының бірі, елдің көліктік-логистикалық әлеуетін нығайту мәселесін жандандыру қажеттігіне тоқталды.
“Автожол саласындағы жобалар аясында қолға алынатын жұмыстардың сапасына ерекше назар аударылады. Биыл облыстық бюджет қаражатынан “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” РМК филиалына 350 млн. теңге бөлу жоспарланған. Сол арқылы жұмыс сапасын 100% қамту көзделіп отыр. Яғни, кез келген маңыздағы көлік дәлізі сапалы болуға тиіс”, – деді Ерлан Спанов.
Облыс аумағындағы автожолдардың жалпы ұзындығы 9179 шақырым. Президенттің 2025 жылға қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесін 95%-ға дейін арттыру қажеттігі туралы тапсырмасын орындау үшін екі жыл ішінде 2500 шақырым автожол жөнделеді.
“Транспорттық инфрақұрылым да біраз қосымша қаражатты қажет етеді. Осыған байланысты біз таяуда өтетін сессияда салаға тағы қосымша 1,8 млрд теңге бөлуді ұйғарып отырмыз. Өйткені, жол қатынасы біздің экономикамыз үшін өте маңызды”, – деді Құмар Ақсақалов.
Әлібек ЫБЫРАЙ