Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастыруға қадам басты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістің жалпы отырысында жаңадан жасақталған Үкіметке жаңа қарқынмен жұмыс істеу қажет екенін айтты. Маңызды шешімдерді шұғыл қабылдап, көп созбай шешуші қадамдарды жасау керек екені де белгілі.
Жаңа жасақталған үкімет құрамында жастар көп. Білімді, жаңа көзқараспен қарайтын, елге дем беретін де солар. Жастар — ұлт үмітін арқалаған ел ертеңі. Үмітті іркілтпей, сенімнен шығу сол буынның парызы. Олар қазіргі қоғамның жетекші күші ретінде еліміздің дамуы үшін жауапты екені мәлім. Осылайша елімізде жастарға үлкен мүмкіндік берілді. Халық елдің дамып, алға қадам басқанын қалайтыны белгілі. Әзірге бұл жастар кім, олар не іс тындыра алады деп қарайтындар бар. Сондықтан Президент айтпақшы, жаңа қарқынмен жаңа Қазақстанға қадам басу керек деп ойлаймын.
Жаңадан сайланған Премьер-министр де қырықтан асқан жігіт ағасы. Жас болса да тәжірибесі мол. Еліміздің болашағы үшін маңызды жаңашылдықтар енгізетініне сенім артқымыз келеді. Президенттің Бектенов мырзаға артар үміті көп екендігі сөзінен байқалды. Жаңа премьер-министріміздің қызметіне сәттілік тілеймін!
Бірнеше саланың да министрлері ауысты. Ол салаларда да қордаланған мәселелер көп. «Жұмысты сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындайтын уақыт жетті. Осылайша, біз озық даму жолына түсіп, ұлттық экономиканы шын мәнінде жаңа деңгейге шығарамыз», – деп мемлекет басшысы дем беріп, алға бастады. Үкіт мүшелеріне сәттілік тілей отырып, сенім артамыз.
Айгүл Сегізбаева,
Профессор, Қостанай облысы ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі.