Дүниенің жарығын көріп, нәрін кездім,
Анамның құшағында, жылулық сездім
Аялап алақанда өсіріп, баққан
Мың алғыс айтамын сізге, анашым менің!
Ең алғаш дүниенің жарығын көріп, ең бірінші дауыс сыңғырын естіп, сүттің нәрін татып, өмірге толыққанды, сау бала болып тудым. Анамның құшағында күннің астындағы жылулықты сезіндім. Ана –жалғыз ғана, жарық өмірді сыйлаған жан. Тоғыз ай бойы көтеріп,түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпай, алақанында аялап өсірген адам. Ана-біздің өмірге келуімізге себепші. Менің барлық балалық қылығымды көтеріп, білімнің нәрін, бар жылулығын сыйлаған болатын.
Анамның арқасында мен үйде жалғыз бала емеспін. Менің ақылшым ағам, маған әрқашан да қорғаушы болып келетін, қамқоршы әпкем,көмек керек кезде қолын созып жүретін, ерке інім мен кішкентай екі сіңілім бар.Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес дегендей, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді. Ал үйдің берекесі мен тыныштығы әйелдің қолында. Яғни ананың қолында. Білімнің бастамасын берген де ана. Біз үшін өзінің қуанышы мен тыныштығын, денсаулығы мен әдемілігін қашанда құрбан етуге дайын болған жан. Бар сұлулығын, мейірімін бізге сыйлаған адам да ана. Біз көп балалы отбасы болсақ та, анам бізге лайықты тәрбие беріп, ауырып жатсақ емін іздеп, емдейтін, әрқашан жанымызда болған адам. Ана тәрбиесі арқасында біз бір-бәрімізге қамқор болып, бір- бірімізге қорғаныш, алып таудай биік бекініс болып қараймыз. «Нағыз ана – біздің ана» деп айтқаным бекер емес.
Ана – қыз бала үшін ең жақын құрбы.Менің анам мен үшін жақынадам. Қыз баланы түсінетін тек анасы. Қиындықты жеңуге көмектесіп, ақылайтатын да ана. Ана еш уақытта өзінің баласына жамандық тілемейді. Баласының болашағына алаңдап, өмірден көргенін жеткізуге тырысады.Мені адам қылған, ешкімнен қысылмай, еркін өмір сүруіңе қолынан келгенін жасайтын анам. Анам менің бар еркелігіңді көтерді, ақ пен қараны ажырата алатындай дәрежеге жеткізді. Өмірдегі дұрыс жолды таңдап, бұры сжолдан аулақ ұстаған адам.
Менің анам – әдемі, байсалды, мейірімі шексіз адам . Анама деген махаббатымды сөзбен де айтып жеткізе алмаспын. Анам осы жасыма дейін көп нәрсе үйретті. Бос уақытымызда бірге ас әзірлеп,әңгіме дүкен құрамыз.Анаммен өткен әрбір күнім мен үшін үлкен бақыт. Менің анам өте жан-жақты адам. Бір орында отыра алмайтын, барлығына мейілінше үлгеріп жүреді.«Анаға қарап қыз өсер» дегендей, мен де анама ұқсап, байсалды, жан-жақты және мейірімді болуға тырысамын.Анам мен үшін нағыз ананың бейнесі. Анамның айтқан әр сөзі санамда сайрап, рухтандырып, қанат бітіріп, өмірге деген көз қарасымды қалыптастырып, алдағы болашағымды айқындауға көмектеседі.
Менің анама деген ризашылығым мол. Анамды Меккеге үш рет арқалап апарсам да, қарызымды ешқашан өтей алмаспын. Анамның маған жасаған қамқорлығын қайтара алмаспын, алайда анам үшін бәріне де баруға дайынмын.Анашым, сізге мың да бір алғыс!
Жанель Бүркітбай,
Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының студенті