«Ұлттық қор – балаларға” жобасы туралы не білеміз?

«Ұлттық қор – балаларға” жобасы туралы не білеміз?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарламасы «Әділетті қоғам. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты былтырғы халыққа Жолдауында айтылды. Президенттің бұл бастамасы баршаға бірдей мүмкіндік беруден туындап отыр.

Елде 18 жасқа толмаған 6,7 миллионнан астам бала бар. 18 жасқа толмаған, яғни 2006 жылы және одан кейін туған Қазақстан азаматы саналатын әрбір бала «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына қатысады. Бағдарлама бойынша қаржы қалай аударылатынын және балалардың қажетіне қалай жұмсалатынына тоқталсақ. Бағдарламаға сәйкес, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнайы жинақ шоттарына Қазақстан азаматы саналатын және 18 жасқа толмаған барлық жеткіншектің шотына аударылып тұрады. Қаржы барлық балаға тең бөлінеді.

«Қаражат БЖЗҚ-дағы жеке шоттарға түседі, шот «Жеке тұлғалар» мемлекеттік деректер базасындағы ақпарат негізінде әр балаға автоматты түрде ашылады, яғни, ата-аналарға банкке немесе БЖЗҚ-ға арнайы барудың қажеті жоқ. Алғашқы төлемдер мақсатты шоттарға 2024 жылдың 1 тоқсанында түсе бастайды. Ақшаны бірден шешіп алуға болмайды. Ақша балалардың мақсатты жинақ шоттарында бала 18 жасқа толғанға дейін жиналып тұрады. Бала кәмелет жасына толған соң ақша шотта 10 жыл сақталады. Егер жинақталған қаражат 28 жасқа дейін пайдаланылмаса, ол алушының зейнетақы шотына аударылады», – деді Қаржы министрлігінің бюджеттік кредиттеу, ұлттық қор және қаржы секторы мәселелері жөніндегі өзара іс-қимыл департаментінің директоры Айбол Арғынғазин.

Ұлттық қордың табысынан жиналған қаражатты екі мақсатта пайдалана алады. Баспана сатып алу немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту. Бұл ретте үйді тек Қазақстаннан сатып алуға рұқсат етіледі. Білім алу. Бала шетелде білім алам десе – ақшаны пайдалануға шектеу қойылмайды. Отандық жоғары оқу орындарымен қатар шетелдік университеттерде де оқуға мүмкіндік бар. Заңда қаражатты емге жұмсау мүмкіндігі қарастырылмаған. Сондай-ақ, 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап депозит ашып, балаларының біліміне ақша жинауды «Отбасы банкінде» де бастауға болады. «Отбасы банкі» мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің (МББЖЖ) қатысушысы болады және 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап қазақстандықтар банкте «AQYL» білім беру жинақтау салымын аша алады.

– «AQYL» білім беру жинактау депозиті бұл Қазақстан Республикасының кез келген азаматы үшін болашақта өз атына немесе баласының атына елімізде және шетелде білім ақысын төлеу үшін пайдалануға болатын білім беру жинақтау депозитін ашудың тиімді мүмкіндігі. Депозитті 12% пайыздық мөлшерлемемен үш жыл мерзімге және 9,5% пайыздық мөлшерлемемен бес жылға ашуға болады. Мемлекеттік сыйақы салымшылардың барлық санаттары үшін 5% мөлшерінде есептелетін болады. Бірақ жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және мүмкіндігі шектеулі балаларға, көп балалы отбасылардан шыққан және жан басына шаққандағы орташа табысы төмен отбасыларға ашылған депозиттерге мемлекет сыйлықақысы 7% есептеледі. Мемлекеттік сыйлықақының, ең жоғары мөлшері – республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық, есептік көрсеткіштің жүз еселенген мөлшерінен аспайды. 2024 жылы 100 АЕК-369 200 теңге», – дейді «Отбасы Банкі» Қостанай облыстық филиалы директорының орынбасары  Әділет Жулаев.

Шетелге көшіп, Қазақстан азаматтығынан бас тартқан балаға Ұлттық қордан ақша төленбейді. Шетелде өмір сүргенімен Қазақстан азаматтығын өзгертпесе, оның шотына кәмелет жасқа толғанға дейін қаражат аударыла береді.

Алдын ала болжам бойынша 2024 жылы туған баланың шотына 18 жылда 3500 АҚШ доллары жиналуға тиіс. Ал жыл сайын шамамен 150-160 доллар аударылады. Шоттағы ақша АҚШ долларымен есептеледі және 18 жасқа толғанда қаржыны банктегі шотына доллармен де, теңгемен де аудара алады. Ата-аналар шотқа ақша түскен-түспегенін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтынан тексере алады. Ол үшін баланың ЖСН-ін енгізсе жеткілікті. Ал бірнеше жылға түскен қаражатты көру үшін eGov порталындағы жеке кабинетке кіру қажет.

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша толығырақ ақпарат алу үшін 1414 телефонына хабарласуға болады.

 

Бағдарлама туралы Қостанай қаласының тұрғындары хабардар ма? Жобаға  деген көзқарастарын сұрап көрдік.

Амангелді Есмағұлов, қала тұрғыны:

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының соңғы жолдауындағы жұртты елең еткізген бастамасының бірі – «Балаларға арналған ұлттық қор» бағдарлама болды. Жоба ел болашағына деген сенімізді одан әрі нығайта түсті. Ұлттық қор қаржысы халық мүддесі үшін жұмыс істейді деп үміттенемін. Ересек өмірге қадам басатын балалар үшін зор мүмкіндік болмақ.

Гүлнар Ахметжанова, қала тұрғыны:

– Менің төрт балам бар. Үлкені 18 жасқа толады, ал кішісі 3 жаста. Бұл жоба жайлы естігенде қуандық, себебі балаларым 18 жасқа толғанша шотына қаражат жиналып тұрады. Балаларымның болашағы үшін керек болады, жақсы жоба деген ойдамын.

Қанағат Қасым, қала тұрғыны:

– «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылатынын естіп қуанып қалдық. Балалардың өзінің қоры болғаны дұрыс, болашақта көп көмек болады деп ойлаймын. Әр отбасының жағдайы әртүрлі. Балаларын оқыта алмай жататын отбасылар да бар. Жиналған қаражатты сол балалардың оқуына жаратса, көптеген ата-аналарға біраз көмек болары сөзсіз. Өзімінің үш балам бар. Үлкенім 22 жаста, кішісі 15 жаста.

Айымгүл Омарқанова, қала тұрғыны:

–  Келешек ұрпақтың білім алуы үшін жақсы мүмкіндік. Жас ұрпағымыз білімді болса, Қазақстан үлкен жетістіктерге жетеді. Мемлекеттің осылай қамқор болып жатқаны бізді қуантады.

Салтанат Өтелбаева, қала тұрғыны:

–  Ұлттық қордың тарапынан осындай қолдау болып жатса, балаларымыздың жарқын болашағы үшін жақсы бағдарлама. Шотта қаржы болса 18-ге толған жастар үшін қадамын нық, сенімді басуына жасалып жатқан көмек деп айтуға болады.

Әсел ҚИБАШ

Суреттерді түсірген –

 Б.АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу