Жұмыссыз ретінде тіркелгендер коммуналдық қызметте еңбек еткісі келмейді

Жұмыссыз ретінде тіркелгендер коммуналдық қызметте еңбек еткісі келмейді

Қостанай қаласында жұмыссыздық деңгейі 1 пайыз. Мансап орталығының өткен жылғы мәліметіне сүйенсек, 9067 адам еңбек делдалдығына (жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган) жүгінген. Оның 5491-і жұмысқа орналасқан.

«Жұмыссыз жүргендерге бірнеше рет коммуналдық қызметте еңбек етуге ұсыныс жасалды. Алайда, олар істегісі келмейді», – дейді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ақбөпе Манатова.

Аппарат жиналысында қала басшысы Марат Жүндібаев мердігер ұйым басшыларынан жұмыскерлер қанша алатынын сұраған. Оларға 180 мыңнан 250 мың теңгеге дейін төленетіні айтылды. Бұл дерек әкімді таңдандырмай қоймады.

«Атаулы әлеуметтік көмек 1268 отбасына төленді. Бір адамға төленетін төлем – 10 614 теңге. Биылға АӘК көрсетуге бөлінген қаржы – 743 млн теңге. 2022 жылмен салыстырғанда АӘК алушылар саны 225 отбасына азайды», – деді бөлім басшысы.

Қазір әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларына өзгерістер енгізіліп жатыр.

«Сондай-ақ, 1-топтағы мүгедектігі бар адамдармен шипажайға ілесіп жүрушіге емдеу құнын өтеу ретінде, кепілдік берілген соманың 70%-нан аспайтын мөлшерде төлем енгізу жоспарланып жатыр. Оған облыс бюджетінен 35,7 млн теңге бөлінді. Бұдан басқа, бөлім мүгедектігі бар адамдарды оңалтуға бағытталған 11 мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты Үкіметтік емес ұйымдар арқылы іске асырады. Биыл бұл бағытқа 297 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда байқау рәсімдері жүріп жатыр», – деді Ақбөпе Манатова.

Әлеуметтік тапсырысқа бөлінген қаржының дені мүгедектігі бар адамдарға арналған «инватакси» қызметіне бағытталады. Қостанайда тек бір ғана ұйым бұл бағытта 7 көлікпен қызмет көрсетеді. Марат Жүндібаев инватаксилердің санын арттыру қажет екенін айтты.

«Мүгедектердің көбі қызмет түріне қол жеткізе алмаймыз деп шағымданып отыр. Жетпейді. Сол себепті, байқау жариялау қажет деп санаймын. Қызығушылық танытқан ұйымдар келіп қызмет көрсетсе артық етпейді. Қаржы жетпесе, тағы бөлуге дайынбыз», – деді қала әкімі.

Осы жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша есепте тұрған мүгедектігі бар адамдардың саны 8380, оның 1042-і бала.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу