Тоғыз жолдың торабындағы ауыл

Тоғыз жолдың торабындағы ауыл

Алматы-Қостанай республикалық тас жолының бойында орналасқан Новонежин ауылын әрлі-берлі жүрген кез келген жолаушы білетін болар. Ауыл жылдан-жылға көркін ашып, дамып келе жатыр. Әсіресе, жол бойында орналасқандықтан сервистік қызмет көрсету жұмыстары қарқынды. Жол бойы сауда көзі екенін ауылдықтар жақсы түсінді. Алыс рейстердің жүргізушілері, туристер, ауыл арқылы өтетін барлық адамдар үшін жайлы бөлмелері бар қонақүй, дәмхана, асхана, дүкендер, автокөліктерге арналған қауіпсіз автотұрақтар дамылсыз жұмыс істейді. Автожуу орталығы мен шиномонтаждың ашылуы да кезекте тұр. Дәріханалар мен шаштараздар да бар.

            “Әулиекөл ауданының аумағында Новонежин ауылдық округі орналасқан. Ауылға қосымша Калинин және Жосалы мекендері кіреді. Мұнда 2300 адам орналасқан. Әсіресе түрлі ұлт өкілдері көп. Халық ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығын қолға алған. Үш ірі жеке шаруашылық серіктестігі бар. «Қайсар-Агро», «Агроком-Лэнд» және «Инспэк». Олардың да негізгі қызметі дәнді дақылдар өсіру. Оған қосымша 16 шаруа қожалығы да жұмыстарын атқарып жатыр. Жыл сайын дәнді дақылдардың өнімділігін ұлғайтып, мал басын арттырып, ауыл экономикасының өсуіне серпін беріп келеді”, – дейді ауыл әкімі Серік Смағұлов.

Ауыл балалары үшін үш білім ошағы, балабақша жұмыс істеп тұр. Екі медициналық пункт пен диагностикалық аппараттардың барлық түрлерімен жабдықталған жаңадан салынған дәрігерлік амбулаторияда мамандар толық. Науқастарды дер уақытында қабылдап, шақыртуларға барады. Мектеп демекші, ауылдағы білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгелі жатыр. Отыз жыл жөндеу көрмеген нысан осылайша қайта жаңғырып, есігін айқара ашпақ.

Былтыр «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Новонежин ауылында Комсомольская және Щорса көшелеріне жалпы сомасы 119,8 мың теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал биыл Жданов және 20 лет Целины көшелеріне жалпы сомасы 207,8 мың теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған, ұзындығы 3,2 шақырым. Сегіз көше жарықтандырылып, ауыл іші жарқырай түсті.

Бұл бастама биыл да жалғасады. Алты көшеге  23,4 мың теңге сомасына жарықтандыру  жүргізіледі деп күтілуде.

Мұның бәрі елдің қамы үшін ғой. Бірақ мұнда шешуді күтіп тұрған проблемалар жоқ емес, бар. Осыдан екі жыл бұрын орталық су құбыры пайдалануға берілген болатын. Ауыл халқының қуанышында шек болмады. Себебі ауыз су бірінші орында тұратын. Иә, содан бері тұрғындар таза артезин суын пайдаланып, қуанып отыр. Бірден үш скавжинадан тартылған су басында жақсы болды. Бірақ қазір соның екеуі істемей қалды. Тек бір скважина ауыл халқын түгелімен қамти алмайды. Мәселе биліктің назарында. Енді 72-резъезден су тартылады.

            “Халық саны жылдан жылға көбейіп келеді. Сол үшін суды молырақ тартуды ойлау керек”, – дейді ауыл әкімі Серік Смағұлов.

Өзі К-700-тің ішіне отырып алып, сол құдыққа барар жолды аршып жүр екен.

Тағы бір мәселе халыққа газ керек. Ауыл әкімінің сөзіне сенсек, оның да келер күні алыс емес. Құжат дайын. Енді алдағы жылы газ тартылып, оның да орны толады.

Былтыр спорт кешенінің құрылысы басталды. Нысанды тапсыру жыл соңына жоспарланған. Ашылғаннан кейін ауыл тұрғындары спортпен белсенді айналысамыз, түрлі секцияларға қатысамыз деп күтіп жүр. Ал Мәдениет үйінің жоқтығы талай мәрте айтылды, мәселе көтерілді. Қазір музыканттар мектеп ішіндегі бір бөлмеде еңбек етіп жатыр.

            “Бұл мәселе де шешіледі. Аудан басшылығы халық көтерген әр дүниеге баса назар аударады. Бәрімен де таныс. Оның да құжаттары әзір. Облысқа жіберілді. Бәрі сәтті өтсе құрылыс басталып кетеді деп күтіп отырмыз”, – дейді ауыл әкімі.

Азаматтарды «Еңбек», «Жастар практикасы» мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша жұмысқа орналастырылып жатыр. Өз бизнесін ашқысы келетін азаматтар «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша оқыталады, кейіннен шағын несиелеу алып, жұмыс та ұсынылады.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен жасалған меморандум шеңберінде «Қайсар-Агро» ЖШС «Караван» жол бойындағы кешеніне кіреберісті 17,5 мың теңгеге асфальттауды аяқтады. Юбилейная көшесіндегі екі пәтерлі үйге 30 млн теңге бөлініп, қайта жөндеуден өтті. Енді іші-сырты жаңарып, тұрғындар қуанып жатыр. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен жасалған меморандумдар шеңберінде «Чурсинов» шаруа қожалығы өз қызметкерлері үшін асханасы бар жатақхананың құрылысын толығымен аяқтады. Тұрғындар үшін барлық коммуникациялар қарастырылған. «Агроком-Лэнд» ЖШС барлық ыңғайлылығы жасалған (ас үй, кір жуатын орын, дущ, дәретхана) 18 орынға арналған жатақхана салды.

Былтыр кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша 2 адам мемлекеттік грант алды. Оның бірі – Жеңіс  Жұманұлы. Ол өзі үшінші топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат. Сонысына қарамастан кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша 1,380 000 теңге сомасына өтеусіз грантты ұтып, 40 бас қой сатып алды. Енді осы ата кәсіпті дамытып, жемісін көрсем дейді. Төрт түліктің ішінде Шопан ата түлігіне  ерекше  ықылас танытқан Жеңіс Жұманұлының бастамасы жемісті болып, бүгінде мал басы жүзден асты.

Ал Толқын Ещанова кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша 583 мың теңге сомасына өтеусіз грант алды. Осы сомаға тігін цехын ашты. 82 адам тұрақты жұмыс орнына орналасты. Қазір өз өнімдерін өндіріп, ұлттық қолөнерімізді жандандыруда.

Новонежинде Оңтүстіктен Солтүстікке көшу бағдарламасы да жүзеге асып жатыр.  Калинин және Жосалы ауылдарына екі көп балалы отбасы  көшіп келді. Калинин ауылына бес балалы отбасы көшіп келсе, Жосалы ауылына алты балалы отбасы қоныс аударды.

Міне, Новонежиннің тірлігі осындай. Біреуден ілгері, біреуден кеш өз жұмыстарын кезең-кезеңімен атқарып жатыр. Бәрі бірден бола қоймайтыны белгілі. Бірақ жылдан жылға елдің күнкөріс қамы жақсарып келеді. Үкіметтен ақша да бөлініп, керектінің орны толуда.

         Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттерді түсірген Нәзия Амантаева

Әулиекөл ауданы,

            Новонежин ауылы

Жаңалықтармен бөлісу