Өткен жылы Қостанай қаласының «Әуежай» шағын ауданында жаңа балабақша құрылысы басталған еді. Биыл жобалық-құндық құжаттамасына өзгерістер енуіне байланысты құрылыс жұмыстарын уақытша тоқтата тұруға тура келіп тұр.
Облыстық құрылыс, сəулет жəне қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Мұхановтың айтуынша, 280 орынға арналған тəрбие ошағы 2024 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілмек. Балабақша құрылысына əуелде 1,08 млрд теңге қаралып отыр
Бірақ, жобаға өзгерістер енгізілуіне байланысты бұл сома азаюы не көбеюі ықтимал. Анығы құжаттама қолға тиген соң белгілі болмақ.
Нысанға тапсырыс беруші – Қостанай облысы əкімдігінің құрылыс, сəулет жəне қала құрылысы басқармасы. Мердігер компания «СтатусТрейд» ЖШС. Үш қабатты ғимараттың жалпы аумағы – 0,9 га.
«Қазіргі күні жобалық-құндық құжатнамасына өзгерістер енуде. Себебі 2021 жылғы құрылыс заттарының бағасымен есептелген. Өткен жылы игерілген қара жат 191,6 млн теңге. Қазір нысанда таспалы монолитті іргетас орнату бойынша жұмыстар орындалды, жертөле қабырғалары, жылумен жабдықтау желілері салынды. Қиыршық тас араласқан құм төселді, сондай-ақ қабырғаларын көтеру жұмыстары жүргізілген», – деді Бағдат Мұханов.
Қазақстанда құрылыс материалдары бағасының шарықтауы 2021 қатты байқалған. Соның салдарының үйлердің де құны өсті. Былтыр баға тағы көтерілді. Мысалы, Ұлттық статистика бюросының мəліметіне сүйенсек, желтоқсан айының өзінде 7,3% қымбаттағаны көрсетілген. Сарапшылар құрылыс-монтаждау жұмыстарының да бағасы өскенін айтып отыр. Қазір «Əуежайдағы» балабақшада жоспарланған жұмыс жүріп жатыр. Сол аяқталған соң, құрылысшылар бірер күн үзіліс алады. Жұмыстың қанша уақыт тоқтатыла тұратыны əзірге белгісіз. Алайда басқарма ұстанымы – балабақшаны биылдан қалдырмай тапсыру. Тап осындай балабақша (280 балаға арналған) «Юбилейный», шағын ауданында да бой көтермек.
Оған да 1 млрд теңгеден астам қаржы қаралғаны хабарланған. Облыстық білім басқармасының бізге берген деректеріне сүйенсек, Қостанай өңірінде туғаннан алты жасқа дейінгі 8735 бала бөбекжай-балабақша кезегінде тұр. Қазір облыс көлемінде тоқсанға жуық мектепке дейінгі мекеме бар. Оның 70-тен астамы балабақша, қалғаны – шағын орталықтар мен мектепалды даярлық сыныптары. Осы орайда биылдан бастап білім саласы қызметкерлерінің еңбекақысы көтерілетінін да хабарлай кетейік.
Қаржы министрлігінің мəлімдеуінше, халықтың табысын көтеруге бағытталған бағдарламаны іске асыруға осы жылы 3,5 трлн теңге бөлінген. Оның ішінде 2,5 трлн теңге 1,5 млн бюджет қызметкерлерінің айлығын көтеруге жұмсалмақ. Оның ішінде 96 млрд теңге балабақшада жұмыс істейтін тəрбиешілердің айлығын 30 пайызға көтеруге бағытталады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суретті түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ