Қостанайдың орталық көшелерінде жаңа жол белгілері мен бұрылыс жолақтары пайда болады

Қостанайдың орталық көшелерінде жаңа жол белгілері мен бұрылыс жолақтары пайда болады

Облыс орталығында көлік ағынын азайту үшін Қауіпсіздік жол картасы әзірленген. Нәтижесінде 14 қиылыста бағдаршамның тек жасыл түсі жанып тұрады.   

Өткен жылы О.Досжанов көшесінен С.Мәуленов көшесіне оң жаққа бұрылу жолағы салынған еді. Сондай-ақ, бірқатар көшеде бұрылыс жолақтары салынады.  Енді Тәуелсіздік-Баймағамбетов пен Баймағамбетов-Гоголь көшелерінің қиылысында бұрылыс жолақтары пайда болады.

            “Былтыр жасалған жұмыстар өз тиімділігін көрсетті. Осы жылы бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Төрт қиылыста жүргізушілерге оңға бұрылуға мүмкіндік беретін жолақ жасаймыз. Он төрт қиылыста бағдаршамның үнемі жасыл түсі жанып тұрады”, – деді ТКШ бөлімінің басшысы Денис Петрухно.

Сондай-ақ, биыл 42 көше жөнделеді. Оның 4-і қайта жаңғыртудан өтсе, 38 көше орташа жөнделіп, аулаларды қамту жоспарланып отыр.

            “Аулаішілік аумақтарды ағымдағы жөндеу шеңберінде 45 ауланы жөндейміз. Биыл 18 аула 2025 жылы 27 аула қамтылады. Жол-құрылыс материалдарының сапасын тексеруге Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен 1264 жол-құрылыс материалдарын сынау үшін шарт жасалды”, – деді ТКШ бөлімінің басшысы.

Сонымен қатар, жаяу жүргіншілерге арналған сегіз проекциялық өткел іске қосылады. Бірақ қай жерге орнатылатыны бегісіз. ТКШ бөлімінің басшысы жарықтандыру жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектесетінін айтады.

            “Проекция кез келген күн райында (жаңбырда, қарда, тұманда және батпақта) жұмыс істейді және жүргіншілерге көрініп тұрады”, – деді ол.

Қала әкімі Марат Жүндібаев жол белгілерінің ескіргенін айтып, ауыстыру қажет екенін жеткізді.

            “Проекциялық өткел жүргіншілерге өте тиімді. Тіпті, тазаланбаған жолда да көрініп тұрады. Оған аяқ басқан адам да жүргізушілерге айқын байқалады. Көшелерді кеңейту барысында жаяу жүргіншілер жолы мен жасыл желекке зиян келмеуі керек. Полициямен бірлесіп шешкен жөн. Жол белгілеріне қатысты, көбі ескірген, жаңартуды қажет етеді”, – деді қала әкімі.

ТКШ бөлімінің басшысы 2024 жылы 2 800 белгі орнату және ауыстыру жоспарланып отырғанын жеткізді.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу