Көктемгі су тасқынына әзірлік жұмыстары тексерілді

Көктемгі су тасқынына әзірлік жұмыстары тексерілді

Арқалық қаласының іргесіндегі Северный, Дачный кенттерінде жыл сайын көктем кезінде жекелеген үйлерді су басу қаупі туындайды. Бүгінде осындай келеңсіздіктің алдын алу үшін Северный кентінде көл-көсір нөсер салдарына төтеп беруге арналған кәріз құбыры салынып жатыр .

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Жәнібек Кәрімбаев бастаған арнайы комиссияға қала әкімінің орынбасары Ерлан Раисов жоба жайлы әңгімелеп, көктемгі қар шығару науқаны, су тасқыны кезінде қызмет атқаратын жедел топтың жұмысы туралы баяндап берді.

Қаладағы аталған іске жауапты мекемелердің техникасын, құрал-жабдықтарын, су тасқыны кезінде қолданатын іс-қимылдарын бақылап көрген Жәнібек Тұрлыбекұлы:

   «Көктемгі су тасқынына дайындықты пысықтау – облыс әкімінің тапсырмасы. Осыған орай, қазір өңірлерде төтенше жағдайдың алдын алуға бағытталған іс-шаралар жиынтығы жіті тексеріліп жатыр. Жергілікті жерлердегі жауапты органдар табиғи тосын құбылыстарға әркез әзір болуы қажет. Ол үшін елімізде барлық мүмкіндіктер жасалған. Кәсіби шеберліктеріңіз бен қажырлы еңбектеріңізге жоғары баға беруге болады», – деп атап өтті.

Бұдан соң құзырлы орган өкілдері азаматтық жеке құраммен кездесу өткізді.

Оларға қажетті жағдайда күшейтілген жүйеде жұмыс істеп, төтенше жағдайларға жол бермеу қажеттігін тапсырды.

 

Мұрат Жүнісұлы 

Суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу