Алаяқтықпен айналысты деп айыпталған 19 жастағы Бақытгүл Дүйсекинаға қатысты сот үкімі шықты. Ол өткен жылдың шілде айында ұсталған еді.
Оқиғаны басынан баяндасақ, алаяқтар қостанайлық қариялардың үй телефонына қоңырау шалып “жақын адамыңыз апатқа ұшырады, зардап шеккен адамға беруге және полициямен істі жабу үшін ақша керек” деген сипаттағы сөздер айтқан. Қаржы беруге келіскен қарияның үйіне ақшаны алып кетуге Бақытгүл Дүйсекина өзі барып отырған. Осылайша, “құрбандарынан” 20 млн теңге олжалап үлгеріпті.
Б.Дүйсекина “Telegram” желісінде хабарландыру жасаушы болып жұмысқа орналасқан. Қыз әр үйге барған сайын сырт келбетін өзгертіп отырған, яғни, жасанды шаш таққан, медициналық бетперде киген. Онысы бір үйге ақша алуға барғанда подъездегі бейнекамераға түсіп қалады.
“Белгісіз адамдар оған қай мекенжайға бару керегін және қанша теңге алатынын нұсқап отырған. Ол қаржының 10%-ын өзіне қалдырған”, – деді айыптау қорытындысын оқыған прокурор Дәурен Дербісов.
Ең көп қаржы берген кісі – зейнеткер, Социалистік Еңбек Ері Алевтина Кузьмина. Ол 12 млн теңгеден астам ақшаны алаяқтың қолына ұстатқан.
“Полициядан қоңырау шалып, немерем жол-көлік оқиғасын жасағанын айтты. Жазадан құтылу үшін ақша керек деді. Сосын ақшаны алып кетуге осы қыз келді. Қара бетперде таққан. Алғаш рет 5 млн теңге бердім, екіншіде 6 млн, сосын тағы да ақша бердім. Барлығы 12 млн 880 мың теңге қолына ұстаттым”, – дейді зейнеткер.
Бақытгүл Дүйсекина соңғы сөзінде кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтты. Сондай-ақ, келтірген шығынды толық өтейтінін жеткізді. Соттан өзін ең төменгі жаза тағайындауды сұрады.
Сот Нұрлан Бекішев Бақытгүл Дүйсекинаны кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейтін болады. Сонымен қатар, алаяқтық жолмен келген ақшаға сатып алған телефондары мен киімдері тәркіленеді. Мұның сыртында, зейнеткерлерден алған ақшаны өтеуге міндеттелді.
Үкім күшіне енген жоқ. Шешім шығарылған күннен бастап 15 күн ішінде шағымдануына рұқсат бар.
Сералы МЫРЗАБАЙ