Лисаковта жастар шығармашылық орталығы салынады

Лисаковта жастар шығармашылық орталығы салынады

Лисаковтықтар үшін спорт секциялары мен өнер, ғылым, техника үйірмелері бір жерде шоғырланатын жеке оқушылар сарайы қажет. Оның үстіне, моноқалада көркем сурет мектебінің, музыкалық мектептің жеке ғимараты жоқ.  Енді мұның шешімі табылған тәрізді. Лисаковта 44,9 миллион теңге тұратын медициналық орталықтың құрылысының жобасы балалар және жасөспірімдер шығармашылығына айналмақ. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, музыкалық мектеп №1 орта мектептің 3-қабатында, ал сурет мектебі мектепаралық оқу-өндірістік комбинатының 4-қабатының бір бөлігінде  тұр. Бұл мәселені лисаковтықтар талай рет көтерді.

Өткен жылдың 28 наурызында іргетасы қаланған жер учаскесі Лисаков қалалық құрылыс бөлімінің балансына берілді. Маусым айында «БАК ПРОЕКТ» ЖШС-мен (Астана қ.) шығармашылық үйіне айналдыра отырып, медициналық қызметтер орталығының құрылысын аяқтау бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге шарт жасады.

«Құрылыс алаңының көлемі  – 881,6 шаршы метр. Жоба әзірге сараптамада. Бұл әр түрлі жастағы балалардың бос уақытын ұйымдастыруға және олардың музыка, ән және хореография бойынша шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған екі қабатты ғимарат болмақ. Ғимаратта үлкен және шағын аудиториялар, музыкалық сабақтарға арналған кабинеттер, хореографиялық сабақтар өтетін залдар, оқу залы бар кітапхана, медициналық пункт, оқу бөлмелері, әкімшілік, техникалық кабинеттер жабдықталады деп жобаланған», – дейді Лисаков қаласының әкімі Абай Ибраев.

Авторлық және техникалық қадағалаумен қоса құрылыс-монтаждау жұмыстары 1,3 млрд теңгені құрайды.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Лисаков қаласы

Жаңалықтармен бөлісу