Дебат – білімділер додасы. Қазақстанда «дебат» бағдарламасы 1996 жылдан бастап жүзеге асып келеді. Бұл бағдарламаның тренерлерге арналған тренинг ретінде бастау алып, онда қатысушылар Карл Поппердің пікірталас форматын үйренулерінен басталғанын білеміз. Ол уақытта жаңадан бастаушы дебатшыларға дәл осы формат сәйкес келеді деп саналады. Ол кездері дебат орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілсе, қазіргі таңда жалынды жастарымыздың арқасында мемлекеттік тілде дамып қарқын алуда. Соңғы жылдары студенттер мен оқушылар арасында бұл дода түрі ерекше танымал.
23-24 қарашада Павлодар қаласында «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» атты республикалық пікірсайыс турнирі ұйымдастырылып өткен болатын. Пікірсайыс турнирінің ережесіне сай бұл додаға 36 құрама команда қатысты. Республикалық пікірсайысқа Қостанай қаласы Абай атындағы жалпы білім беретін мектебінің 10 сынып оқушылары Аруна Мұстафина мен Мерейлім Бақтиярова «Коста Рико» команда құрамы болып, Қостанай қаласы намысын қорғап, І орынды жеңіп алды. Бұл жеңіс алдағы бес жылдық есеппен алсақ, оқушылар арасында болмаған жетістік. Мектебімізде биылғы оқу жылының басынан жасақталған бұл үйірме жұмысына ағылшын пәнінің мұғалімі Гүлжанат Әбдікәрім жетекшілік етеді. «Абай Кубогы» деп аталатын бұл пікірсайыстың құрылу мақсаты – заман талабының сұранысына санасы жетік, адами құндылықты жанына серік еткен, айналасына сын көзбен қарап, қоғамдық өмірге белсене араласатын жастардың жаңа буынын қалыптастыру. Алдына қойған міндеттері: оқушылардың шығармашылық қабілеттерінің айқындалуына мүмкіндік беру, шешендік өнер және жұрт алдында сөйлеу мәдениеті қалыптасқан талантты жастарды анықтау, талантты жастарды ынталандыру, мектеп оқушылары арасында пікірсайыстың деңгейін көтеру. Бұдан күтілетін нәтиже, мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді пайдалану, пікірсайыс арқылы белсенді азаматтық позициясы бар, жаңарған қоғамның жаңа азаматтары тәрбиеленеді. Басқа адамдардың көзқарастарымен санаса алатын озық ойлы азаматтардың қатарын көбейту. Жастарды өз бетімен білім алуға, ізденуге дағдыландырады. Жастардың бір-бірімен тығыз қарым-қатынас жасауына, пікір алмасуына, қарым-қатынас диалогын орнатуға мүмкіндік туғызады. Жүйелі жұмыс қашанда нәтиже берері хақ. Мектебіміздегі жүйелі жұмыстың арқасында, оқушыларымыздың табандылығы мен қайсарлықтарының, білімділіктері мен шешендіктерінің нәтижесінде осындай жетістіктерге жеттік.
Қазақ халқы қашанда шешендік өнерді бағалаған халық. Тілге жүйрік, сөз қисынын тауып айтатын сөз шебері халық арасында жоғары беделге ие болады. Әрбір талантты адам еңбекке бейім, ол шығармашылық тапқырлықпен еңбек етеді. Мен де өз оқушыларымнан осындай жоғары беделге ие болатын үлкен талантты тұлғалар болатынын күтемін.
Жаслан БЕКЕНТАЕВ,
Қостанай қаласы Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары