БЕРЕКЕ БАСТАУЫ  – “БІРЛІК”

БЕРЕКЕ БАСТАУЫ  – “БІРЛІК”

Облыс орталығынан шамамен қырық шақырымдай қашықта Жуковка деп аталатын ауыл бар. Елді мекенде күні бүгін 280- астам адам тұрады. Іргетасы қаланғанына 150 жылға таяған ауыл Александровка ауылдық оругіне қарайды.

             “Бұрын мұнда 800-дей адам тұрған, басым бөлігі өздерінің тарихи отандарына көшіп кетті. Ауыл әбден азып-тозуға айналған еді. Соңғы төрт – бес жылда қайта еңсе тіктеді”, – дейді жергілікті тұрғындар.

Оған себеп те жоқ емес. Өңірге белгілі кәсіпкер, “Аян-Озат” ЖШС директоры Валерий Розумович 2020 жылы Жуковка елді мекенінен құс фабрикасын ашты.

Кәсіпорын жылына 2000 тонна құс етін өндіреді. Өндіріс ошағында алпыстан астам ауыл тұрғыны тұрақты жұмыс істейді. Мұның сырында Белоруссиядан арнайы шақырылған мамандар еңбек етеді. Фабрика  толық заманауи технологияға көшкен. Жеті үлкен құс қорасы бар. Қысқасы,  кәсіпорын табысты жұмыс істеп тұр…

Алайда, айтпағымыз бұл емес.

Бір кезде жойылып кетудің сәл-ақ алдында қалған ауыл қазір көркейген. Оннан астам жаңа үй бой көтерді. Шаруашылық басшысы тағы бірнеше пәтерлік үй салуға бекініп отыр.

Шағын ауылдың өз кафесі, мини-маркеті, моншасы, жаттығу, теннис  залы, қонақ үйі, “Өркениет” деп аталатын ауылды дамыту орталығы бар. Осының бәрі айналасы үш-төрт жылдың бедерінде елдің игілігіне айналды. “Сәлем” мини-маркетінде не керектің бәрі бар.

Мұнда да жергілікті фабрика өнімдері самсап тұр. Бағасы қаладағынан арзан.

Ауылды дамыту орталығында бірнеше үйірме жұмыс істеп тұр. Ауылдың өз вокалды-инструментальды ансамблі бар. Осының бәріне кәсіпкер үш жылда 840 млн теңге инвестиция құйған.

            “Біз мұнда келген жылдары ауылдың іші қоқыстан аяқ алып жүргісіз еді.  Қираған үйлердің орнын тазалауға екі жыл уақытымызды сарп еттік. Бұл маңда елу шақырымға дейін қатты тұрмыстық қалдық төгетін орын жоқ. Күл-қоқысты тасып шығару үшін шаруашылық есеінен 119 млн теңге жұмсауға  тура келді. Тегістелген жерге жаңа үйлер салдық. Бірқатар әлеуметтік нысан бой көтерді. Өйткені,  ауылда тұратын қарапайым еңбек адамына ең бірінші лайықты жағдай керек. Онсыз тұрғындарды ауылда ұстап тұру қиын. Қала іргемізде. Көшемін, жұмыс істеймін деген адамды қалай ұстап тұрасың? Сол үшін ең алдымен әлеуметтік салаға баса назар аудардық”,

– дейді “Аян-Озат” ЖШС директоры Валерий Разумович.

Соңғы жылдары Жуковка ауылына сырттан қоныс аударушылар көбейіп келеді. Кейінгі екі-үш жылдың бедерінде мұнда Шымкенттен, Қапшағайдан, Атбасардан, Есілден, Торғайдан  көп балалы он екі отбасы көшіп келді.  Соның арқасында білім ошағында оқитын баланың саны 32-ден 61-ге артты. Бір өкініштісі, мұндағы мектеп апаттық жағдайда тұр. Оның өзі орысша оқытады.

 

            “Біздің ауылға көшіп келушілердің бәрі қазақ. Ал мұнда оларды оқытуға мүмкіндік жоқ. Мәселен, Шымкенттен жеті балалы бір отбасы қоныс аударған. Үй иесі бес баласын амалсыздан орыс сыныптарына беруге мәжбүр. Біз бұл мәселені облыстық деңгейде талай рет көтердік. Бұрынғы өңір басшысы жаңа мектеп салуға пәрмен берген-ді. Тіпті, шаруашылық басшысы жобалық-құндық құжатарын әзірлеуге өз қалтасынан қаржы да шығарды. Бірақ,  іс ілгерілеген жоқ. Қазақ тілінде оқытатын мектептің жоқтығы қолбайлау болып отыр”,

– дейді ЖШС директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Әсия Юсупова.

Айтпақшы, өткен жылы ауыл мектебі жанынан қазақша оқытатын екі сынып ашылды. Оған ұлты орыс балалар да барып жүр. Мәселен, 1 сыныпқа төрт бала қабылданса, соның біреуі ғана қазақ баласы. Қалған үшеуі  орыс. Бірақ, қазақша сайрағанда мүдірмейді. Ауыл тұрғындарының 80 %-і өзге ұлт өкілдері болғанмен, олар өз балаларын қазақша оқытуға ниетті.

            “Біз Қазақтың елінде тұрамыз. Алайда, оның тілін меңгеруге құлықсызбыз.  Дербес мемлекет атанған отыз жылдың ішінде сыртқа көшетіндер, көшіп болды. Қалғаны өз болашағын қазақтың жерімен байланыстырады. Олардың бәрі осы елде тұрғасын тілді  білу маңызды екенін жақсы түсінеді. Әттең, қысқа жіп күрмеуге келмей тұр. Үкімет біздің тілегімізге құлақ асса құба-құп. Өткен жылы ауыл атауын “Бірлік” деп өзгертуге шешім қабылданғанда бірде-бір тұрғын қарсы шыққан жоқ. Керісінше, бәрі құптай жөнелді. Әзірге ономастикалық комиссия үнсіз. Оған қарағанда “Яндекс” ширақ қимылдайды. Онда біздің ауылды әлдеқашан “Бірлік” деп атап қойыпты”,

– дейді Валерий Разумович.

            “Осыдан бірер жыл бұрын тракторлар бос тұрған үйлерді бұзып, ауыл көшелерін тазарттып жатқанда, кішкентай балалар қолдарына бір-бір металл  іздейтін құрылғы алып,  көшелерді кезіп кететін. Қазір олардың бәрі “Өркениет” орталығына келіп ән айтады, би билейді. Үйірмелерге белсене қатысады. Бұл да жақсылықтың нышаны”,

– дейді директор сөзін “тірілткен” Әсия Юсупова.

Шаруашылық басшысы ауылда балабақша құрылысын бастады. Енді төрт пәтерлік тағы бір үйдің құрылысын қолға алғалы отыр. Мұның бәрі еңбек адамына жасалған қамқорлық екені даусыз.

            “Былтыр біз Белгияға барып қайттық. Сонда шаруашылық директоры ол жақтан эмбриондарды транстпалтациялайтын орталық ашу идеясын алып келді. Егер оны ашсақ, тағы қырық-елу адамға жұмыс табылар еді. Білікті инженерлер, сауатты мамандар керек. Бірақ, одан не пайда? Келген адам бала-шағасының ең бірінші қамын күйттейді. Ал бізде “жібі түзу” мектеп жоқ. Әйтпесе, жаңа үй, газ, суы бар, облыстың орталығынан онша қашық емес. Бір сөзбен айтқанда, кім көшіп келсе де, өкінбесі хақ”,

–дейді шаруашылық басшысының орынбасары.

 

“Жақсыны – көрмекке” деген, қысқа мерзімді каникулға шыққан ҚР Палламенті Мәжілісінің депутаты, “Ауыл” партиясының мүшесі Аян Зейнуллин біздің облысқа сапарының барысында Жуковка ауылына арнайы барды. Халық қалаулысы жергілікті құс фабрикасының жұмысымен жан-жақты танысып, елді мекендегі әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.

            “Бүкіл депутат қазір ауылдарды аралап жүрміз. Менің еншіме Қостанай облысы тиді. Бүгін Жуковка ауылын барып көрдік. Қандай керемет! Көрген адамның көзі сүйсінеді. Жергілікті кәсіпкер Валерий Разумович қомақты қаржы салып, ауылды көркейтіп отыр. Әлі де бірнеше жобаны қолға алғысы келеді. Осындай отансүйгіш, жомарт жүректі азаматтар көп болса, ауыл гүлденер еді.  Халық ауылдан көшіп жатыр дейміз. Егер ешқандай жағдай жасалмаса, тіршілік нышаны байқалмаса, қалай көшпейді?! Біздің бар ойымыз да, мақсатымыз да сол,  қолында қаржысы бар әр азамат өзінің туған жеріне инвестиция  салса, ауылдың бетіне қан жүгігер еді. Сонда ешкім жайлы жер іздеп әуре болмайды. Ол үшін бүкіл бизнес өкілі дәл осы Валерий Иванович тәрізді белсенді жұмыс істеуі керек. Үкіметке үнемі иек арта беру қисынсыз. Мемлекет қаржысы  барлық ауылды оңалтуға жетпейді. Қысқасы, “Маған Отан не берді” дегеннен гөрі “Мен Отанға не бердім” деген қасиет керек”,

– дейді ҚР  Парламент Мәжілісінің депутаты Аян Зейнуллин.

              Әлібек ЫБЫРАЙ        

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Қостанай ауданы

            

           

Жаңалықтармен бөлісу