«Бас қайғым менің – баспана»

«Бас қайғым менің – баспана»

Редакциямызға 18 беттен тұратын, қолмен жазылған хат келді. Жазуы түсініксіз болғандықтан не мәселе айтылғанын ұғына алмадық. Бар білгеніміз, авторы Майра Карбозова екенін түсіндік. Тұрғылықты мекенжайы да жазылыпты. Біз келген хаттың әрбіріне мән беріп, ашып жазуға тырысамыз. Хаттың түсініксіздеу екенін көріп, көрсетілген мекен бойынша фототілші Бердіболат Көркембаевпен бірге іздеп бардық. Қолына қалам алып бір емес, 18 беттік хат жазса соған арқау болар мәселе бар болуы мүмкін ғой. Біздің кейіпкеріміз қаладағы жатақханалардың бірінде тұрады екен.

Жатақхана іші таза. Әр қабатта бірнеше бөлме. Міне, бізге қажетті төртінші қабатқа да келдік. Іздеп барған хат иесі шағын ғана бөлмені бір өзі емес, апасымен екеуі мекендепті. Майра апай бізді көріп әбден састы. Шамасы ешкім мән беріп, келеді деп ойламаса керек. Бір жылады, бір күлді. Әйтеуір не керек, жағдайды түсіндіріп, аптығын басып, зорға отырғыздық. Танысып, бар жағдайын сұрап, әңгімелестік.

 

Майра апайымыз Науырзым ауданының тумасы. Жасы 54-те. Осы жасқа келгенше тұрмыс құрып, бала сүймеген. Қалаға келгелі бір баспанасы болған емес. Жастық шағында Алматы қаласындағы ЖенПИ-де білім алып, тарих пәнінің мұғалімі атанған.  Қостанайдағы педагогикалық колледжде бір жыл жұмыс істепті. Сол кезден денсаулығы нашарлап, Затоболдағы психоневрологиялық ауруханаға түседі. Содан қайтып жұмысқа оралмапты. Денсаулығы да оңалған емес.

Өзі:

«Ол жаққа мені текке апарды, кітапханада көп отырғаннан көзім ауырды, басым ауырып, құлай бердім», – дейді.

Екінші топтағы мүгедек. «Аяғымда түрлі жаралар пайда болып, мазамды алады» деп айта береді. Бірақ өз бетімен жүріп, тұрады. Сөзі де, ойы да түзу.

            “Туған апамның тапқан азын-аулақ ақшасымен жан бағып келеміз. Ол аула сыпырушы, еден жуушы болып жұмыс істейді. Апам да тұрмыс құрып, отбасылы болмады. Әке-шешеміз қайтыс болған. Басқа бауырларым өз алдына отбасылы. Өз өмірлері бар. Қолыма қалам алып хат жазуымының басты себебі – пәтер алуға жәрдемші болсаңыздар деймін. Өзім кезекте тұрғаныма да он жылдан асты. Оның алдында кезекте болған едім, мен ауылға кеткенде мені алып тастапты. Содан соттасып қайта тіркеуге іліктім. Қазір 2 мыңыншы кезектемін. Ол қашан жылжып, қашан үйлі болатыным белгісіз. Қалалық әкімдікке де бардым. Мені қала әкімі қабылдамады. Денсаулығыма байланысты еш жер жұмысқа да алмайды. Өзім газет-журналдарды оқығанды жақсы көремін. Бар мұңымды айтып, сіздерге хат жазған едім. Мүмкін көмектеріңіз тиіп қалар”, – деп мұңын шақты Майра Карбозова.

Апай тұрып жатқан аядай бөлмеге кіру мүмкін емес. Аяқ алып жүру де қиын. Апалы-сіңілі қыздар осы жерге ай сайын 43 мың теңге төлейді. Өкіншітісі, біздің елде баспана деп аталатын «жырдың» бітер түрі жоқ.  Ол «жырды» бүкіл қазақ жатқа біледі. Көшіп, қонып жүрген мыңдаған отандас өз үйім, өлең төсегім болса деп армандайды. Біздің кейіпкеріміз де ең алдымен денсаулығым емес, бір баспанам болса дейді. Мүмкін бұл кісіге басқа да жағдайда көмек берер жан болса хабарласуыларыңызға болады.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

 

Жаңалықтармен бөлісу