“Әкімдер спорт алаңдарына салғырт қараған”

“Әкімдер спорт алаңдарына салғырт қараған”

Облысымыздағы спорт нысандарына ауқымды түгендеу жүргізіліп, 481 ғимарат жарамсыз күйде танылды.

Спорт алаңдарының ең көп күйреуі Арқалық қаласы мен Қостанай ауданында (55 бірлік). Одан кейін, Қарасу ауданында 49 нысан жарамыз болса, Ұзынкөл ауданында 45 нысан іске алғысыз.

            “Қостанай қаласында тек 2 нысан жарамыз. Ал Лисаков қаласында бір де біреуіне зақым келмеген. Спорт нысандарының жоғалуы қала, аудан әкімдерінің ғимараттардың сақталуын қадағаламаудан болды. Мысалы, биыл қала мен аудандық бюджеттен спорт нысандарын жөндеуге қаржы бөлінбеген. Бұл алдағы 2025 жылы түгендеу жүргізгенде тағы да жарамсыз нысандар қатарын  арттырады”, – дейді дене шынықтыру және спорт басқарамасы басшысының м.а Елена Киреева.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қостанай ауданының әкімінен нысандардың мұндай жағдайға қалай жеткенін сұрады.

            “Есепке алу кезінде әр ауладағы спорт алаңдары есептелген. Олардың қатарында жеке меншіктің қолындағы спорт нысандары да бар. Уақыт өте келе меншік иелері қараусыз қалдырғандықтан, жарамыз жағдай жеткен. Ал әкімдіктің балансындағы спорт нысандары толық жұмыс істеп тұр. Олардың жағдайы жақсы”, – деді Берік Таңжарықов.

Десек те, нәтиже де жоқ емес. Мысалы, облыста 62 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бар. Онда 20 мыңнан астап бала жаттығады. Ол ғимараттар тек оқу-жаттығу жұмысы үшін ғана емес, облыстық және аудандық жарыстарды өткізу үшін де пайдаланылады. Жаз айында жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрады.

            “Спорттық инфрақұрылымды дамытудың арқасында Қостанай облысында 340 мыңнан астам адам немесе 40% халық дене шынықтырумен және спортпен шұғылданады, оның ішінде 85 мың бала мен жасөспірім жаттығуларға және спорттық-бұқаралық іс-шараларға үнемі қатысады. Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту үшін жағдай жасау туралы тапсырмасын одан әрі орындау мақсатында, барлық ауылдарды, ауылдық округтерді, қалалардың шағын аудандарын немесе кәсіпорындардың еңбек ұжымдарын қамти отырып, спорттың 9 түрі бойынша әуесқой командалар лигасын ұйымдастырып, 480 жалпы білім беретін мектептер мен колледждерді қамтитын ойын спорт түрлері бойынша мектеп және студенттер лигаларды жалғастыруымыз керек. Бұқаралық спортты дамыту – спортшыларымыздың халықаралық спорт аренасында табысты өнер көрсетуіне себепші болуы тиіс”, – деді Құмар Ақсақалов.

Облыста 1343 спорт нысаны бар. Оның ішінде 25 стадион, 3 спорт сарайы, 52 спорт кешені, 2 манеж. Сондай-ақ, 36 шаңғы базасы, 38 тир, екі атыс алаңы, 17 жүзу бассейні. Қалғандары жазық алаңдағы нысандар.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу