Былтыр облыста 90 230 көлік құрастырылған. Оның бес мыңнан астамы ауыл шаруашылығы техникасы. Өнеркәсіпті одан әрі дамыту үшін индустриялық секторда инвестиция тарту мен жобаларды іске асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Машина жасау бағытында 9 жоба жүзеге асқан. Тағы да, “СарыарқаАвтоПром” ЖШС “пластикті боя цехы” жобасын іске қоспақ. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған.
“Технологиялық жабдықтарды орнату және монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жобаның құны 6,7 млрд теңге. Өндірістік қуаттылығы жылына 64 мың бірлік өнім. Цехқа 100 адам жұмысқа қабылданады”, – дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Назарбек Қонқабаев.
Сондай-ақ, биыл кәсіпорын Skoda және HONGQI (Хонгчи) брендтерінің автомобильдерін шығаруды көздеп отыр. Жобаға салынған инвестицияның жалпы көлемі 5 млрд теңге. Жылына 20 мың көлік құрастырылып, 200 жұмыс орны ашылмақ.
“Ірі жобалардың қатарында KIA автокөлігін шығаратын зауыт құрылысы бар. Жоюаның құны 90 млрд теңге. Жылына 70 мың көлік шығаруды көздеп отыр. Зауытта 1500 жаңа жұмыс орны ашылады. Зауытты 2025 жылы іске қосы жоспарланып отыр”, – дейді басқарма басшысы.
Жоба сәтті жүзеге асса, Kia брендінің халық арасында сұранысқа ие Sportage, Cerato, Sorento, K5, Ceed, Seltos, Soul, Picanto сынды модельдері шығарылмақ. Жобалау кезең-кезеңмен жүргізіліп жатыр. Алдағы қараша айында құрылыс-монтаж жұмыстары басталады.
“Сонымен қатар, “Пружина “НПФ” ЖШС шығарылатын өнім түрін кеңейтіп жатыр. Қуаттылығы жылына 10 мың вагон жиынтығын құрайтын жылжымалы теміржол құрамы үшін серіппелер шығаратын зауыт құрылысы жүргізілуде. Инвестиция көлемі 2,3 млрд теңге. 60-қа жуық жұмыс орны ашылады”, – дейді Н.Қоңқабаев.
Айта кетейік, 2024 жылы жалпы құны 93,2 млрд теңге болатын 6 инвестициялық жобаны іске аспақ. Арқасында 700-ден астам жұмыс орны ашылады.
Сералы МЫРЗАБАЙ