Алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жоспары бекітілді

Алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жоспары бекітілді

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында елімізге әлемнің 100-ден астам елінен делегация келеді. Ойындардың бірегейлігі – спорттық, мәдени және ғылыми бағдарламалардың ұштасуында. Бағдарламаға 20 жарыстық және 10 көрнекі спорт түрі кіріп, 110 медаль жиынтығы ойнатылады. Жарыс ат спорты, ұлттық күрес, садақ ату, құстармен аң аулаудың түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар бойынша өтеді.

Бұл туралы елордада Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық барысы туралы кеңесте айтылды.

 

«Ойындардың басталуына бір жылдан аз уақыт қалды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын жоғары деңгейде ұйымдастыруымыз қажет. Бүгінге дейін қандай іс-шаралар атқарылды, алда қандай міндеттер тұр, сонымен қатар қандай мәселелер бар екенін анықтауымыз қажет. Ойындарға дайындық жағдайына келер болсақ, әзірге іс-шаралар жоспар бойынша жүргізілуде. Ұлттық спорт түрлерінен құрама командалардың дайындығы жоғары деңгейде өтуі керек. Сонымен қатар спортшыларға сапалы жағдай жасап, қаржы мәселелері толық шешілуге тиіс», – деді министр.

Қазіргі уақытта дүбірлі додаға қатысатын спортшылардың тізімі, 2024 жылға арналған спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай республикалық күнтізбесіне кіретін спорт түрлері бойынша жарыстардың тізбесі бекітілді. Ойындарға дайындық шеңберінде Ұлттық құрама командалардың спортшылары 2024 жылғы қаңтардан бастап 13 халықаралық, 39 жергілікті оқу-жаттығу жиындарына және 17 республикалық және 23 халықаралық жарысқа қатысады.

Жаңалықтармен бөлісу