Қызбел ауылында наубайхана ашылды

Қызбел ауылында наубайхана ашылды

«Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – деген ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының даналы сөзін ұстансақ ешкімнен кем болмаймыз. Жалқаулық жарға жығатынын ұмытпаған абзал. Мемлекет кәсіп ашып, ел экономикасына үлес қосамын деген адамға қолдау көрсетуге әзір. Осы мүмкіндікті мүлт жібермей, қолдан келгенше кәсіпке бет бұрған дұрыс деген ауыл тұрғындары кәсіп ашуға ниет білдіріп, жергілікті тұрғындарға тұрақты қызмет жасауға дайын.

Жуырда Қызбел ауылдық округінің тұрғыны, көп балалы ана Гүлнұр Оспанова ауыл орталығынан шағын наубайхана ашты.

Жеке кәсіпкер «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамыту бағдарламасы шеңберінде және бизнест – жобаларды іске асыру мақсатында 5 млн теңге қайтарымсыз несие алды. Қомақты қаржыны мақсатты пайдаланып, іргетасын қалап, жаңадан наубайхана салды.

Талапқа сай барлық қажетті заманауи құрал-жабдықпенен жабдықталған. Шағын наубайханадағы нан бағасы 170 теңге. Бұл баға халыққа тиімді.

«Аудандық кірістер басқармасына жеке кәсіпкер болып тіркеліп, екі жылдан бері кәсіппен айналысып келемін. Бұған дейін үйден нан пісіріп, тәтті тоқаштар мен күлше нанға тапсырыс қабылдап жүрдім. Сол арқылы тиыннан теңге құрадым. Ауыл шатханасында өтетін той-домалақтар мен қуаныштар болса, бірден маған тапсырыс береді”, – дейді кәсіпкер.

Гүлнұр ұн өнімдерінен түрлі тәттілер пісіреді. Негізгі мамандығы мұғалім.

“Шәкірт тәрбиелеп, оларды қанаттандырып, ұлағатты ұстаз атану әркімнің басына бұйыра бермейтін бақыт. Бүгінгі таңда бала күтіміне байланысты демалыстамын. Қазір жеке кәсіппен айналысуға бел будым. Табыс көзі кәсіпте екенін жақсы білемін. Балаларымды ел қатарына қосып, оларды қалаған жоғары оқу орынына түсіріп, аналық парызымды орындасам арманым жоқ. Сондықтан мен жеке кәсіпкер болуды таңдадым. Негізі ұн өнімдерінен тәтті тағамдар дайындауды бала кезімнен ұнатамын. Мемлекеттік бағдарлама арқылы наубайхана ашуға қолдау көрсеткен ауыл әкімі мен жерлестеріме алғысым шексіз. Алдағы уақытта ауылдық ағайындарды жергілікті өніммен толық қамтитын боламын. Оның сыртында бір адамды жұмыспен қамтып отырмын. Келер жылы тағы бір адамды жұмысқа алу жоспарымда бар», – дейді Гүлнұр Жұмагелдіқызы.

Жалпы, Қызбел ауылының тумалары туған жерге деген ыстық сезімдерін сөзбен емес іспен дәлелдеп келеді. Оған біздер талай куә болдық. Олар ауылдың ажарын нұрландырып, көркіне сән берді. Туған жер тумаларының қолдауымен және демеушілігімен көптеген ауқымды жұмыстар істелді. Мемлекеттік бағдарламалардың шарапаты тиген сағалықтардың сын сағатта сағы сынбасына кәміл сенеміз. Осы мақалаға арқау болып отырған Гүлнұр Оспанова сияқты жеке кәсіпкерлердің қатары көбейсе, ауылдың әлеуметтік- экономикасы дами түсері сөзсіз.

Байбатыр АХМЕТБЕКОВ
Жанкелдин ауданы

Жаңалықтармен бөлісу