Сары белгі – сақтық амалы: көліктерге арнайы белгі жапсыру міндеттелді

Сары белгі – сақтық амалы: көліктерге арнайы белгі жапсыру міндеттелді

Жаңа жылдан бастап газ қондырғысы қойылған көліктерге арнайы белгі жапсыру міндеттеліп отыр. Өзгеріс Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы бұйрығымен бекітілген Жол қозғалысы ережелерінде көрсетілген. Белгісі жоқ автокөлік иелеріне 11 мың теңге айыппұл (3 АЕК)  салынады.

«GAS» деген жазуы және леп белгісі бар, сары түсті үшбұрыш жапсырғыш газ баллон жабдығы орнатылған көліктердің барлығында болуы керек. Тағылған белгі жабық тұраққа кірген автокөлікте анық көрініп тұруға тиіс.

2019 жылдың 29 желтоқсанынан бері газ баллон жабдығын орнатқан автомобильдердің жабық тұрақтарға кіруіне тыйым салынған. Егер көліктегі қондырғы дұрыс орнатылмаса, сәл ғана ұшқынның өзі үлкен апат әкелуі ғажап емес. Оның зардабы паркингтегі машиналарға ғана емес, жақын маңдағы адамдарға да тиюі мүмкін.

Кейінірек, 2020 жылы ІІМ газ баллонымен жабдықталған автомобильдерге сәйкестендіру белгісін жасап шығарған еді, биылғы міндеттеліп отырғаны сол нышан.

Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев ақпарат құралдары арқылы жаңа талаптың не үшін енгізіліп жатқанын түсіндірді.

«Көліктерге газ жабдығын орнатқанда барлық қауіпсіздік талаптары ескеріле бермейтіні бар. Мұндай көліктер азаматтарға қауіп төндіріп жатады. Сондықтан, қауіпсіздік әрі көгілдір отынмен жүретн көліктерді бақылауды реттеу үшін осы норманы енгізу маңызды болды», – деді ол.

Жаңа өзгеріс жүргізушілерге түсіндіріліп жатыр ма? Өңірде айыппұл салынған жүргізушілер бар ма?

«Бұл жаңа норма. Әзірге құқық қорғаушы органдар бұл бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр».

Полиция департаментінің баспасөз қызметінен осындай қысқа ғана жауап алдық.

Қостанайлық жүргізушілер де бұл талап қауіпсіздік үшін маңызды екенін айтады. Заң бәріне ортақ, оны орындау керек.

«Жаңалықты ақпарат құралдарынан, таныстардан естідік. Әрине, бұған еш қарсылығым жоқ. Желтоқсан айының соңына қарай белгіні жапсырып қойдым. Газ тез тұтанғыш өнім, сондықтан абай болу керек», – дейді өзін Қуандық деп таныстырған қала тұрғыны.

Әртүрлі жағдай болуы мүмкін, сақтықта қорлық жоқ. Серік Қаратаев сары белгіні көлігіне артығымен алып қойыпты.

«Су тиеді, дымқылданған белгі тез тозады. Екі-үшеуін алып қойдым. Газ қойылған деп бәрінен қорқа берудің қажеті жоқ, қауіпсіздік ережелерін сақтай білу керек», – дейді «Мерседес» мінген жігіт.

Бензинге қарағанда, газбен жүретін көліктің шығыны анағұрлым арзан. Қостанай ауданы Мичурин ауылының тұрғыны Бейбіт Мәліков сол үшін де газ жабдығы бар көлікті таңдаған.

«Едәуір арзан. Мысалы, газдың литрі 76 теңгеден, ал бензиннің құны шарықтап барады», – дейді ол.

Айтпақшы, өткен жылғы қараша айының соңына қарай көгілдір отын бағасы қымбаттайтыны айтылған еді. Сұйытылған мұнай газының (автогаздың) бөлшек саудадағы бағасы бес теңгеге өсетінін Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов хабарлаған.

«Бағаны кезең-кезеңімен көтеруді жоспарда бар. 2024 жылдың бірінші тоқсанында біз сұйытылған мұнай газының бағасы литріне шамамен бес теңгеге өседі. Сонымен, алдағы үш жылда алты ай сайын бағаға аздап қосылып отырады», – деген еді ол.

Осылайша автогаз бағасы 3-4 жыл ішінде нақты деңгейге, яғни шығынды ақтайтын бағаға (бензин мен дизель отыны бағасының 70%) жетеді деп есептейді вице-министр.

Сұйытылған газды экспорттауға тыйым салынған. Вице-министр өткен жылы 300 мыңнан астам автокөлік автогазға ауыстырылғанын да атап өткен.

Аслан ҚАНҒОЖИН

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

Жаңалықтармен бөлісу